- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Бірінші сынып оқушысы...
Бірінші сынып оқушысы тап болатын 5 жағдай
Кез келген ата-ана үшін баласының бірінші сыныпқа баруы өте маңызды сәт. Сондықтан ата-ана балаға барлық керек-жарағын алып береді және оны психологиялық түрде мектепке дайындай бастайды. Алайда бала мектепке 100% дайын дегеннің өзінде, бірінші сынып оқушысы түрлі жағдайларға тап болады. Мұндай жағдайларда ата-ана балаға ұрыспай, оны ұялтпай, керісінше, қолдау көрсете білу керек.
Үйді сағыну
Балаңыз балабақшаға жыламай барып, үйді аса іздемейтін болса да, мектеп балабақша емес екенін түсініңіз. Мұғалім – тәрбиеші емес, мектепте балаға зейін мен қамқорлық азырақ көрсетіледі. Сондықтан бала өзін жалғыз сезінуі әбден мүмкін. Егер бәрі жақсы болса, бала бұл кезеңді бірнеше аптадан кейін өткереді. Сондықтан бастапқы кезде оның мектепте үйді сағынуын қалыпты жағдай ретінде қабылдаңыз. Әр бала өзінше ерекше болғандықтан олардың мектепке бейімделуі де әртүрлі өтеді.
Мектепте адасу
Мектепте бастауыш оқушыларымен қатар орта және жоғары сынып оқушылары да оқитынын ескеріңіз. Бірінші сынып оқушысы үшін мектеп өте үлкен ғимарат. Әрине, мұғалім оқушыларын бақылап отырады, бірақ бірінші сынып оқушысы әлі де ойын іздейтін бала екенін ұмытпайық.
Сөмкесін жоғалтып алу
Алаңғасарлық – бірінші сынып оқушыларының көпшілігіне тән мінез. Тек сіздің балаңыз «аузын ашып» жүреді деп ойламаңыз. Алаңғасарлық балаға тән қалыпты қасиет, керісінше, егер балаңыз қандай да бір ұсақ-түйекті қайта-қайта тексере берсе, оның бұл әрекетінің себебін анықтау қажет болады.
Затын біреуге бере салу
Бірінші сынып оқушысы өзіне ұнайтын затты достарымен бөліседі. Олардың бәрі бала болғасын кейде ол зат кері қайтпайды. Тең емес айырбас, сынған ұялы телефон, үзілген моншақ, жоғалған әдемі қалам – мұның бәрі кез келген бірінші сынып оқушыларының арасында болатын жағдайлар. Егер баламен мектепке не апаруға, ауыстыруға, сыйлауға болатынын/болмайтынын ақылдассаңыз, мұндай жағдайлардың орын алуын алдын алуға болады.
Дұрыс жаза алмау
Жазу – кез келген бірінші сынып оқушысы үшін басты сабақ. 7 жасқа таман балалардың көпшілігі оқуды және санауды жақсы меңгереді, ал «жазбаша жазу» – олар үшін ең қиын міндеттердің бірі. Сондықтан баланың дұрыс жаза алмауынан қорықпаңыз немесе ұялмаңыз, оның орнына баланың кіші моторикасын дамытудың жолдарын қарастырыңыз.