Әлемдік білім кеңістігінің тәжірибесіне негізделген Қазақстан жүйесі

Әлемдік білім кеңістігінің тәжірибесіне негізделген Қазақстан жүйесі
Фото: massaget.kz

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар аралығында үлкен жетістіктерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Әлемнің алпауыт мемлекеттерімен иық түйістіре алатын жағдайға жетудің өзі оңай болмады. Дегенмен, бұл жетістіктің шегі емес. Біз одан биік шыңдарға құлаш сермейміз. Ал, оған алғышарт бола алатын маңызды салалардың бірі - білім.

Қазақстанның қазіргі таңда жүзеге асырып отырған білім жүйесі әлемдік білім кеңістігінде 136 елде қолданылады. Яғни, негізін әлем елдері білім саласындағы тәжірибеге сүйене отырып жасаған жүйе оңтайлы жүзеге асырылған жағдайда Қазақ Елі өз діттеген мақсатына білікті әрі білімді ұрпақ күшімен қол жеткізбек.

Алдағы уақытта әлемдегі көшбастаушы елдердің қатарына қосылу жолын келер ұрпақтың білімі мен тәрбиесінен бастауды жөн көрген елбасымыз жаңа білім жүйесін қалыптастыруды жолға қойған болатын.

Десе де, білім берудің заманауи моделіне көшу оңай шаруа емес, өйткені заман өзгеруі, қоғамның басқа сипатқа енуі де осы өзіміз дағдыланған ескі жүйеден бас тартып, абсолютті жаңа мақсаттар қоюды талап етіп отыр.

Жаһандану заманында қоғам дамуының қарқындылығы, постиндустриалдық, ақпараттық қоғамға көшу, мәдениаралық өзара қатынас ауқымының кеңеюі, халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шешілуі мүмкін ғаламдық проблемалардың туындауы және өсуі, қоғамның демократиялануы, экономиканың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің өсуі, адам капиталы мәнінің артуы, оқытудың дәстүрлі өнімсіз стилін ығыстыру және оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін жаңа дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшу сынды жаңа үдерістерге қажеттілік туындайды.

Қазақстандық жалпы орта білім беретін мектеп соңғы жылдары өз келбетін өзгертті. Білім беруді жаңарту жүйесін қолдайтын нақты қадамдар жасалды. Олардың ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының әзірлену және енгізілуі, кредиттік технология негізіндегі үш сатылы жоғары білім моделінің енгізілуі, вариативті білім берудің енгізілуі, білім сапасын бағалау критерийлерін әзірлеу жөнінде жұмыстар басталды. 

АҚШ, Жапония, Германия, Франция және т.б сынды 136 елде жүзеге асырылып келе жатқан заманауи білім жүйесі Қазақстанда білім берудің жаңа ұлттық моделін жобалаудың стратегиялық міндеттерін табысты шешуге мүмкіндік береді. Бұл қадам ұлттық жоспар мен мақсатқа уақытылы қол жеткізудің кепілі болмақ.

А. Оралқызы