15 мамырда жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтеді

15 мамырда жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтеді
Фото: Bilimdar, Liter.kz

15 мамырда бүкiл Қазақстан бойынша жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтедi. Осыған орай бүгін Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев жұмыс берушiлерден осы күнi ата-аналарды жұмыстан ертерек босатуды сұрады.

Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған еді. Биыл бұл игі шара өз жалғасын табуда. Себебі ата-ана мен ұстаздар арасындағы қарым-қатынастың берік болуы - баланың тәрбиесі, оқу үлгерімі мен болашағы үшін аса маңызды.

ҚР БҒМ ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күні мектептерге келіп, балаларының сыныптарын аралап, олардың қалай сабақ өтіп жатқандарын өз көздерімен көріп, сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен сөйлесіп, пікірлесуге шақырады. Сондай-ақ жиналыс барысында 2016-2019 жылдарға арналған білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу (ҰБТ, ТжКБ, жаңа оқу басылымдарының сараптамасы, үш тілде білім беру бағдарламасы және басқалары) жолдары да кеңінен түсіндірілетін болады.

- Қазақстанда 15 мамыр күні жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтеді. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылғалы жатыр. Бiзде әдетте жиналысқа орташа есеппен алғанда ата-аналардың 10-15 пайызы ғана қатысады. Өткен жылы жалпыұлттық жиналысқа ата-аналардың 80 пайызы келдi. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бiз биыл осы нәтиженi қайталағымыз келедi. Министрлік тарапынан барлық жұмыс берушіден, оның ішінде меморгандардан осы күні ата-аналарды ертерек жұмыстан жіберуін сұраймыз. Олар мектепке барып, ата-аналар жиналысына қатысып, балалары оқитын мектепті өмірімен танысса дейміз, - дедi Ерлан Сағадиев Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте.

Н. Үсенова