Анимация қалай жасалады?

Анимация қалай жасалады?
Фото: zhasorken.kz

Биыл қазақ анимациясына 50 жыл дедік. Өткен нөмірде бүгінгі қазақ анимациясы туралы кеңірек айттық. Ал анимацияның қалай жасалатыны əркімге де қызық. Фильмді қалай түсіретіні жайлы көріп-біліп жүрміз ғой, ал анимацияның жасалуы бізге жұмбақтай көрінеді. Осы орайда «Қазақфильм» киностудиясындағы Анимация бірлестігімен бірлесе отырып осы тақырыпты жазсақ дедік. Мұны мамандар да асықпай, егжей-тегжейлі түсіндіруді жөн көрді. Сонымен бүгінгі нөмірде анимацияның қалай басталатыны, алғашқы қадамдар туралы əңгімеледік. Арасында қазақ анимациясын шетелдік шығарылымдармен салыстыра отырып, бар-жоғымызды да түгендей отырдық.

Бұған дейін қазақ балаларын «Əлін білмеген», «Ақ қаз», «Бақыт жолында», «Бөгде», «Тастүлек» секілді бірқатар мультфильмдермен сүйіншілеген жас режиссерлар Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы осы жайды барынша толық əңгімелеп беруге тырысты..

Т.Төлеуғазы: Ең алдымен фильмнің тақырыбы таңдалады. Одан соң тақырыпқа сай сценарий жазылады. Басынан аяғына дейін: детальдар, кейіпкерлер, оның ішінде жағымды-жағымсыз кейіпкерлер арасындағы тартыс, барлығы бүге-шігесіне дейін жазылады.

Т.Майдан: Біз анимация қалай жасалатынын түсіндіру үшін қазіргі жасалып жатқан «Мұзбалақ» толықметражды фильмін негізге алып, сол бойынша егжей-тегжейлі түсіндірсек дейміз.

Режиссерлар, сценарист, суретшілер бірігіп 20 күнде «Мұзбалақтың»  қаңқасын, яғни сценарийін жасап шықтық. Мұнда да адам мен бүркіттің достығы көрсетіледі. Бірақ, «Тастүлектен» басқаша болады.

Сценарий дайын болды. Идея жасалды. Одан соң сценарийдің диалогтары құрылады. Одан кейінгі жұмыс – сценарийдегі кейіпкерлердің образын жасау.

Т.Төлеуғазы: Мұның бəрі суреттерін салу арқылы жүзеге асады. Сурет арқылы кейіпкердің образын ашу керек. Сурет те олардың мінезіне байланысты салынады. Мысалы, сурет салғанда кейіпкердің бет-бейнесінен, киімінен образ көрінуі керек. Соған сай детальдар беріледі. Жағымсыз кейіпкер болса, оның ортасын да ойластырамыз. Оның тұратын ортасы қандай болу керек? Мысалы, жағымды кейіпкерлер ашық аспан астында өмір сүреді. Ал жағымсыз кейіпкерлердің ортасын қызыл-қоңыр, қара түспен береміз. Кейіпкермен қоса көркемдік шешімдерді қосарлап ойластыра отырамыз. Фильмде ойнайтын детальдар да кейіпкер жасау барысында салынады. Кейіпкер сөйлеу барысында қалай қимылдау керек екенін осы кезде тұрақтандырып отырамыз. Осы жұмыстарды жасаған кезде кейіпкердің мінезі ашылады.

Т.Майдан: Фильмде «антигерой» Шегір деп аталады. Бір көзі кішкене ақшыл. Қазақ даласында ондай адамдар бар. Айыр иек, шегір, көзіне ақ кірген адамдар бар. Шегірді өте мықты адам ретінде жасадық. Бір қарағанда батыл тұлғалы, елдің тірегі сияқты көрінеді. Бірақ өңі де, киімі де суық. Кішкене басты, кең иықты етіп бердік. Киімінде де құстың детальдары бар. Мысалы, түймелері құстың сүйегінен. Оң қолында қара қолғабы бар. Сақалының да ортасына ақ түс бердік. Ала түс арқылы оның мінезін аша түстік. Күші көп, бірақ ақылы аз.

Ал қаһарман кейіпкерді Шегір сияқты үлкен емес, қалыпты жасадық. Бірақ ақылды, сөзге шешен. Киімінің түсі ашық. Қазақ даласында исламнан бұрын шаманизм болған. Сол үшін ол заманды бақсысыз елестете алмайсыз. Фильмге Бақсыны кіргіздік. Тылсым күштердің хабарын айтатын, болашақты болжайтын кейіпкер. Оны да өз мінезіне сай суреттедік. Жалаң аяқ, қысқа жеңді киім, жалбыр шашты. Бақсы халыққа айтар сөзін өлеңмен айтады.

Екінші бас кейіпкер – Бүркіт. Бүркіттің балапан кезі жəне мұзбалақ кезі бар. Анасы мен оның қартайған кезі де бар. Бүркіттің анасын ақ түспен бердік. Өмірде ақ бүркіт болмайтын шығар, бірақ ол – ананың образы. Ақ түсті кимешектің, тазалықтың образы ретінде көрсеттік. Ал мұзбалақты қазақтың табиғатына жақын қоңыр, алтын сары түспен бердік.

Қандай жанрларға бөлінеді?

Т.Майдан: Əлемдік шығармалар қандай негізгі жанрларға бөлінсе, бұл да солай жіктеледі. Ал мультфильм мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларға жəне ересектерге деп бөлінеді. Мектепке дейінгі мультфильмдер өте қарапайым, затты таныстыру сияқты танымдық тұрғыда жасалады. Ал мектеп жасындағы балаларға жəне ересектерге айтары бар, философиялық ой білдіретін  фильмдер жатады. Мысалы, «Мұзбалақ» мектеп жасындағы балаларға жəне ересектерге арналған.

Т.Төлеуғазы: Əлемді қарасаңыз, олар мультфильмді тек балалар көреді деген түсініктен арылды. Балалар да, ересектер де мультфильмнен өзіне керектісін алып жүр. Мультфильм тақырыпқа, сценарийге байланысты комедия, трагедия, кинодрама жанрларына бөлінеді. Ал бізде, қазақ анимациясында комедия жанры аз.

Анимация жасауға қандай мамандар керек?

Т.Майдан: Анимация жасаушы əлемдік үлкен компанияларда бір фильмде екі-үш режиссер болады. Суретшілер де көп. Одан кейін керегі – аниматорлар. Аниматор дегеніміз – қимылды жасайтын мамандар. Олар көп болуы керек. Көп болған сайын жұмыс қарқыны күшті болады, фильмнің сапасы да көтеріледі. Ал біздегі қазақ анимациясындағы кемшілік маман жетіспеушілік. Бірі табылса, екіншісі табылмайды.

Т.Төлеуғазы: Одан кейін монтаждаушы керек. Дыбыстаушы актерлар мен композитор да керек. Əлемдік анимацияда сценарийге қосымша қызықты сахналарды ойластыратын арнайы топ болады. Оны «гид» дейміз. Ал бізде ондай топ əлі қалыптаса қойған жоқ.

Мультфильмге «түсуге» бола ма?

Т.Төлеуғазы: Əрине, мультфильмге түсу деген ұғым жоқ. Бірақ 3D форматта жасалған кейіпкерді адамға байланыстыруға болады. Арнайы бағдарлама бар, адамды кейіпкерге жалғап, соның қимылын, мінезін көшіруге болады. Яғни, анимацияда сіздің қимылыңыз, образыңыз көрінеді. Шетелде ондай анимациялар бар. Мысалы, Джеки Чанның, Шакираның мультфильмдері бар.

Қандай оқулықтар бар?

– Анимацияға қызығатын балаларға бізде арнайы оқулықтар бар ма? Жоғары оқу орындарында бұл салаға байланысты оқу жүйесі қалай?

Т.Майдан: Бізде анимация саласына əлі де баланың ісі, баланың ойыншығы деп қарайтын сияқты. Мұның үлкен идеология екенін, үлкен өнер екенін, тіпті, киноның шыңы екенін түйсінер емес. Бізде анимацияға қатысты ешқандай оқулық жоқ. Жоғары оқу орындарында əр мұғалім өзінің білгенін, түйгенін сабақ ретінде өтіп жатыр. Шетелдің материалдарына жүгінеді. Үлкен мұғалімдер кеңестік жүйеде оқығанымен үйретіп жүр.

Т.Төлеуғазы: Қазір əлемдік анимацияның барлығы толықтай 3D форматқа көшті. Бірақ бəрібір классикалық анимациядан қашып кете алмайды. Яғни, қозғалыстардың барлығы сол негізде шығады.

Т.Майдан: «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі мен қазіргі анимацияның арасы біршама өзгерді. Бұрын суреттердің барлығын қолмен салатын. Фотоаппаратқа түсіретін, сканер жасайтын еді. Əрбір кадрды қолмен бояп отырды. Анимацияға қашанда суретшінің шеберлігі керек. Актерлықты қағаз бетіне суретшінің шеберлігі арқылы түсіру ешқашан өзгермейді. Техника қанша дамып, қайда барса да, осы нəрсе мүлде өзгермейді. Сондықтан анимация жасау үшін мықты суретші болуың керек.

P.S. Келесі нөмірде раскадровка мен режиссерлік шешімдер туралы айтатын боламыз.

Жазып алған: Асылан Тілеген
«Ұлан» газеті

@. @assel_assanova