4:20-да оятатын кім?

4:20-да оятатын кім?
Фото: mygust.blogspot.com

Ғаламтор тарихындағы ең ірі қасірет аталатын «Көк кит», «Тыныш үй», «Кит көлі», «4:20» деген топтар қоғамның даулы мәселесіне айналып отыр. Жасөспірімдерге өлім себетін осы топтардың атауында не жатқанын білесіздер ме? Ал қызметі туралы ше?

«4:20»

«4:20-да мені оят» атауының бұл оқиғаларға қатысы жоқ. Бұл уақыт – Солтүстік Америкада марихуана шегетін нашақорлардың уақыты. Бұл сәуірдің 20-жұлдызы дегенді де білдіреді. Дәл осы күні  4:20-де нашақорлар "біз біргеміз" деген символмен шөп шегеді. Ойынды құрастырушылар осы символды өздеріне айналдырып, 4:20-да барлық құрбан оянады деген ниетпен атаған.

Неге «Көк кит»?

Не себепті су асты ғаламшарында өмір сүретін бейкүнә әрі маңғаз жануардың атауын осындай жауыз ойынға теліді? Бұған неше түрлі жауап бар. Соның ең алғашқысы – жалғыздық.

Су асты «тұрғындарының» арасында жалғыз жүзетін – кит. Баласын қоректендіріп, өз жемтігін өзі тауып жей алатын шаққа келгенше баласы жанында жүреді. Кейін жекеленіп кетеді. Бұл – жалғыздықтың белгісі деп есептеледі.

Екіншісі, қол жұмсау.

Балықтардың арасында өз-өзіне қол жұмсайтын – кит пен дельфиндер. Олар өмірлеріне қауіп төнсе, денсаулығы сыр берсе, жағалауға өз-өздерін тастап жібереді.

Үшінші, символ.

Бір кездері осы ойын басталмас бұрын киттердің ұшып жүретіні, бұлттардың арасында қалықтап жүретіні бейнеленген анимациялар тарай бастады. Бұған көпшілік назар аудара қоймады. Тек жасөспірімдер қызықты. Өйткені, кит судан секіріп шығып, еркін қалықтағысы келеді. Сондықтан, жаңа романтизмнің белгісі ретінде кит – арман мен қиялдың символы деп есептелді. Анимациялар сырттай қорқынышты көрінді, кейде тыныштықтың, жалғыздықтың белгісіндей еді. Неміс тілінен «көктегі кит» өлім періштесі деген мағынаны білдіреді екен. Бұл – өтпелі кезеңде жалғыздықта, тыныштықта жүргісі келетін жасөспірімге өлім символы.

Ал «Тыныш үй» атауы ше?

Ғаламторда бір ойды, мақсатты ұстанған адамдар тобы нетсталкерлер деп атаған. Олар өздерін «Тыныш үй» деп атаған. Бұл топтан ешкім шыға алмайды, соның жетегінде жүріп, тұңғиығына батып кетеді. Сондай идеямен ашылған «Тыныш үй» деп аталатын Вконтакте желісіндегі топтар да миы уланған жастарды бір үйірге жинайды. Олар мақсаттарына жетпей тынбайды, артқа шегінуге жол да жоқ, үміт те сейіледі. Олар қияли, бірақ өте қорқынышты суреттер жүктеп, теріс ойды, бұл өмірден баз кешуді насихаттайтын әуендер тыңдатады.

Мұндай неше түрлі топ бар. Бұл топқа тіркелушілердің мақсаттары бірдей: жан тыныштығын табу, ешкімге кедергі келтірмеу. Тек міндеттері әртүрлі: көк тамырдың бойына бірі көбелек пен киттің суреттерін салғызады, бірі пойыздың астына жетелейді, бірі көпірден құлатады...

Құрметті оқырман! Қарындасыңыз, ініңіз, бауырыңыз, досыңыз, сыныптасыңызды, тіпті өзіңізді әлеуметтік желінің жегі құрттарынан сақтаңыз. Поштаға, жекеге келген хаттарды сақтықпен ашыңыз. Кез келген сілтемені ашпаңыз. Сақтық шараларын мұқият қадағалаңыз. Бұл туралы таныстарыңызды да хабардар етіңіз. Өміріңіз біреудің балтасында кетпесін!

Г. Берік