"Көк киттен" неге қорқамыз немесе суицидке әкелетін себептер

"Көк киттен" неге қорқамыз немесе суицидке әкелетін себептер
Фото: taringa.net

Суицид – адамның өз-өзіне қол жұмсауы. Әр қырық секунд сайын Жер бетінде бір адам өз-өзін өлтіреді. Суицидтің негізгі екі түрі бар: шынайы суицид және жалған суицид. Шынайы суицид – мақсаты өз-өзін аяусыз өлтіруге қалай да жету болып табылатын жоспарланған әрекет, ал жалған суицид – өз-өзін өлтіргісі келу арқылы қоғамның назарын өзіне бұру тәсілі. 

Жасөспірімдер арасында болатын суицидтің себептері мыналар:

Отбасындағы қарым-қатынас. Өтпелі кезеңде бала әке-шешесімен, бауырларымен тіл табыса алмай жатады. Көбіне "өзім білемге" басып, ұрыс-керіс туындағанда ешкім тұрмайтын мекенге кетіп қалғысы келеді. Әлбетте баланың теріс қылығын көріп тұрған ата-ана оған ненің жаман, ненің жақсы екенін түсіндірмек болады. Әсіресе қазақ отбасыларында сабақтан кейін кешігіп, кешкі тоғызда үйге қайтқан баланы ата-анасы ұрып-соғуға дейін барады. Бала не үшін ондай қылық жасап жүр? Баламен тең құрбыдай сырласатын ата-ана кемде-кем. Отбасы мүшелерінен қолдау көрмеген бала терең жалғыздықты сезініп, суицид жайлы ойлай бастайды. 

Еліктеушілік. Жеткіншектер арасында білектің тамырын кесу, оған сурет салу, жалпы денеден қан шығару өте танымал. Көбіне өзін жауапсыз махаббаттың құрбаны болдым деп сезінгенде, қызы (жігіті) тастап кеткенде бала достарының алдындағы беделін сақтау үшін тамырын кеседі. Бұл – жасөспірімдер арасында тренд. "Шын сүйгеніңді дәлелде" дейтіндер де бар. Денеден қан шығарып, оны суретке түсіріп, өзі ұнататын адамға жіберу – жеткіншектің ойынша, сезімін дәлелдеудің бір тәсілі. Бұл әрекетке мән беріп қарамаса, баламен ата-ана, психолог жұмыс істемесе, соңы қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан суицидті насихаттайтын кинолардан, кітаптардан баланы жирендіру керек. 

Физикалық зорлыққа ұшырау. Өмірде түрлі жағдай болып жатады. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған жеткіншек бірден суицид жасау жайлы ойлайды. Мәселенің ұшы тағы да жасөспірімнің жалғыздығына келіп тіреледі. Әкесінен қорқып, шешесінен жасқанып, досынан ұялып ішкі сырын айтатын адам таппаған жеткіншек "бар мәселем өліп қалсам шешіледі" деп ойлап, өз-өзіне қол жұмсайды. 

Қателік. Ересек адам үшін ұсақ-түйек болып көрінетін мәселе бала үшін шешімі табылмайтын, кешірілмейтін қателік болып көрінуі мүмкін. Баланың ойын түсіну үшін өзіміздің бала кезімізді ойға түсірсек жеткілікті. 

Үмітсіздік. "Мен бұл өмірде ешкімге керек емеспін, мені ешкім жақсы көрмейді, бәрі мені кінәлайды". Егер осы сөздерді балаңыздан естісеңіз, дабыл қағыңыз. Бала өзінің болашағын көріп тұрған жоқ. "Мен сорлымын, бақытсызбын" деген ой жанын жегідей жеп, ертеңгі күніне үмітсіз қараған бала суицидке бір табан жақындайды. 

Ата-ананың абайсыз сөздері. "Өлім келгір", "неге өліп қалмайсың?", "сені бекер тудым", "өле қал", т.б. ашу үстінде айтылған абайсыз сөздер – сезімтал балаға қанжардай қадалады. Қанша ренжісеңіз де, балаңызға бағыттап "өлім" сөзін айтпаңыз.

Ауру. Белгілі бір ауруға шалдыққан науқас бала суицид жасау туралы күнара ойлайды. Өзінің ойынша, ата-анасына масыл болғанша, өле қалғаны артық. Дені сау адаммен қалай сөйлессеңіз, науқас адаммен де солай сөйлесіңіз. Екі қолы, екі аяғы жоқ болса да, өз кәсібін ашып, жетістікке жетіп жүрген адамдар көп. Олар – психологиялық тұрғыда жан-жағынан (ата-анасынан, достарынан, т.б.) үлкен қолдау тапқан жігерлі жандар. 

Соңғы кезде елімізде "көк кит" тақырыбы қызу талқылануда. Вконтакте әлеуметтік желісінде пайда болған ойын жеткіншектерді суицид жасауға шақырады. Ойын ережесі қарапайым. Ойынға тіркелген кез келген адам 50 тапсырманы орындап, ең соңында өз-өзіне қол жұмсайды. Өз-өзін өлтірмеген жағдайда, көк кит ойынын ұйымдастырушылар ойыншыға түрлі қоқан-лоққы көрсетіп, психологиялық қысым жасайды. Көк кит – өз-өзін өлтіретін жалғыз жануар. Ол өзін өлтірмек болғанда жағаға шығып қалады екен. Сөйтіп өмірімен қоштасады. Көк китті жан досы ретінде қабылдап, китке айналуды армандаған балаға бей-жай қарауға болмайды. Көк кит ойынының ерекше танымал болуы – өз-өзіне қол жұмсауға қызыққан адамдардың саны көп деген сөз. Демек жан күйзелісін сезініп жүрген жеткіншектер өте көп... Қазақстан 5-14 жастағы балалар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша әлемде 9-орында. Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігі ата-аналарды баласының виртуалды өмірін қатаң қадағалауға шақырып отыр. "Көк кит" төңірегіндегі кез келген күдікті әрекетті ҚР ІІМ өз бақылауына алды. 

Психолог Анна Құдиярованың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы суицидтің негізгі себебі – жалғыздық. "Бәріміз қайтадан ойланып қалдық. Әрбір әке, әрбір шеше баласының жанына үңілсе, "Менің кінәм қай жерде?" деп баласын ашық әңгімеге шақырса, ешқандай "көк кит" бізге қауіп төндірмейтін еді. Суидидке апаратын жол өте көп, көк кит – себеп қана. Әке-шеше баласына жақсы көретінін айтуы керек. Жасөспірімдермен сөйлесу керек", - дейді психолог.

"Көк кит" ойынын ойнаған бала қорыққанда не істеу керек?" деген сұраққа Анна Құдиярова былай деп жауап берді: "Біріншіден, балаға "сен қателесіпсің, біз сенің қатеңді кешіреміз" деп айту керек. "Бізге сенгенің үшін рақмет" деңіз. Олар ("көк кит" ойынын ұйымдастырушылар - ред.) – айдалада отырған садистер. Олардан қорықпау керек. Телефон нөмірін ауыстырып тастаңыз. Бірақ олар – өте күшті психологтар. Шәкәрімнің сөзімен айтсақ, әрі ғалым, әрі залым олар. Әке-шеше баласын "біз сені оған бермейміз" деп құшақтап, оны қалай жақсы көретінін айтса, бәрі орнына келеді".

Сөз соңында суицид жайлы деректер:

- Әлемде өлтіруден гөрі, өз-өзіне қол жұмсау қылмысымен көптеген адам қаза табады екен.

- Әлем бойынша сағатына 92 адам өз-өзіне қол жұмсайды, күніне 2202 суицид қылмысы тіркеледі.

- Әлем бойынша 64,4% ерлер, 35,6% әйелдер өз өміріне қарсы шығады.

- Суицид бойынша әлемде алдыңғы ондықты Гайана мемлекеті (44,2 оқиға), Солтүстік Корея (38,5 оқиға), Оңтүстік Корея (28,9 оқиға), Шри-Ланка (28,8 оқиға), Литва (28,2 оқиға), Суринам (27,8 оқиға), Мозамбик (27,4 оқиға), Танзания (24,9 оқиға), Непал (24,9 оқиға), Қазақстан (23,8 оқиға) мемлекеттері алып тұр. Ал мына сандар 100 000 адамға шаққанда тіркелген суицид оқиғасын білдіреді. Өкінішті...

- Егер жынысқа бөліп қарасақ, әлемде ерлер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау қылмысы бойынша Қазақстан 7-орында, ал әйелдер суициді бойынша 21-орында.

- 15-29 жастағы тұрғындар арасында біздің ел Үндістан мен Қытайдан кейін 3-орынды алып отыр.

- Тәуелсіздік жылынан бері статистикаға сүйенсек, еліміздегі суицид деңгейі 1996 жылы күрт өскен: 4796 адам өмірін қиған. Ал ең төменгі деңгей 2014 жылы тіркелген: 2957 факт.

- Өткен жылы Республика бойынша өз-өзіне қол жұмсау фактісі ең көп тіркелген аймақ – Солтүстік Қазақстан облысы (100 000 адам басына шаққанда 47 оқиға), ал ең аз тіркелгені – Оңтүстік Қазақстан облысында (8,7 оқиға).

М. Оңғарова