8 жастағы чемпион қыз

8 жастағы чемпион қыз
Фото: massaget.kz

2016 жылы 8 жасқа дейінгі қыздар арасында Қазақстан чемпионы атанған Айша Закирова осыған дейін Алматы олимпиадасының күміс жүлдегері болатын. Күні кеше Грузияда өтіп жатқан әлем чемпионатында топ жарды. Елдің аты озса, неге қуанбасқа?!

Айша Закирова Алматы қаласының тұрғыны. Алматы қаласындағы халықаралық шахмат федерациясында тәлім алады. Шахматпен 6 жасынан бастап тұрақты түрде айналысқан. 8 жастағы бүлдіршінді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалымжан Есенов те арнайы құттықтады. Айшаның жаттықтырушысы ең әуелі Кәусар Бауыржан болған. Ол өзінің құттықтауында Айшаның бұл жеңіске тынбай дайындалғанын және лайықты екенін толықтай жеткізді. Бүгінгі таңда Айшаның басты бапкері – Шәкей Бауыржан.

Грузияның Батуми қаласындағы бұл жарысқа әлемнің 66 мемлекетінен  728 жас бүлдіршіндер қатысқан. Жарыс шахмат ережесіне сай 11 кезеңнен тұрады. Осындай кезеңдерден құламай, үздіктердің қатарынан көрініп, еліміздің атын әлемге танытқан  Айша Закированы біз де жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ә. Жутаева