Cыныптастармен cабақтан тыс уақыт

Cыныптастармен cабақтан тыс уақыт
Фото: Hakim Turizm

Мектеп өмірі сабақ оқумен ғана шектелмейтіні белгілі. Сабақтан тыс уақытта сыныптастарыңызбен қайда жиналасыздар? Түнгі уақыттың тиімсіз екені тағы бар. Сынып болып бос уақытыңызда қайда барғанды жөн көресіз?!

1. Театр. Бұл мекенге барып көрдіңіз бе? Бармасаңыз, міндетті түрде баруға тырысыңыздар. Театр атмосферасы сіздің ішкі және сыртқы мәдениетіңізді қалыптастыруға септігін тигізері сөзсіз. Әр қаланың драма театры бар. Әр театрдың репертуары бар. Театрда сіз көресіз, киноны сізге көрсетеді. Сондықтан, өзіңіз көретін, талқылай алатын, пікір тудыратын дүниені таңдағаныңыз жөн. Бүгінгінің қойылымдары жастарға ой саларлықтай тың дүниелер. Жыл сайын театр ұжымы әр қалаға гастрольдік сапарға шығады. Сондай кездерді де пайдаланып қалу керек.

2. Мұражай. Өлкеңіздің тарихын білуіңіз керек. Мектеп бітіріп, сырт жаққа қарай сапар шегетін болсаңыз, өз тарихыңыздан сыр шерте алмау – үлкен қателік. Аудандық, қалалық,олыстық музейлерге міндетті түрде барыңыз. Музей түсінген адамға тұнған тарих. Тарихты білу – міндет. Оның үстіне сыныптастармен топ болып барсаңыз, құнды естеліктер сақталып қалары сөзсіз.

3. Кинотеатр. Бұл жердің табалдырығын көпшілігіңіз аттағандарыңыз белгілі. Фильмнің трейлерін алдын ала көріп алғаныңыз жөн. Топ болып, сыныптастармен баратын болсаңыз, комедия жанрын таңдаңыздар. Тарихи фильмдер де талғам қалыптастырады. Отандық фильмдерге міндетті түрде барыңыздар. Жеке көзқарас тудыруға да кинотеатрдың септігі мол.

4. Велосипедпен серуендеу. Қала көшелерінде еркін тыныстап, әр көшенің қыр-сырын жіті біліп алуға бұл серуеннің пайдасы зор. Денсаулыққа да, қызықты бас қосуға да таптырмайтын мүмкіндік.

5. Табиғат аясында серуендеу. Жаз мезгілінің уақытын естен кетпестей етіп өткізу үшін көкке шығудың септігі мол. Қыздар қауымы үйден ас әзірлеп, жігіттер қауымы көлік,ойын, жалпы айтқанда, ұйымдастыру жағын қолға алса мектеп уақытының ең қызық кезеңі осы болмақ. Тек қауіпсіздік ережелерін сақтап, табиғат пен қоршаған ортаны ластаудан сақ болуымыз керек.

Сыныптан тыс уақытты сыныптастармен өткізудің бұдан өзге де түрлі тәсілдері бар. Дегенмен, қай жердің де қызығы – сыныптың ауызбіршілігінде. Бір-біріңізді ренжітпей, ортақ шешімге тез келіп, әркім өзіне міндеттелген жұмысты адал атқарса, қай жерде болмасын өте қызықты. Барлығы сіздерге байланысты. Сондықтан, сыныптан тыс уақытты бос әурешілікпен өткізіп алмаңыздар.

 

Ә. Жутаева