Махаббаты ұмытқан қоғам бақытсыз ұрпақ тәрбиелейді

Махаббаты ұмытқан қоғам бақытсыз ұрпақ тәрбиелейді
Фото: massaget.kz

Ұлттық рух – ұлттың өмір сүруі мен дамуының айнасы. Жастарымыздың бойына ғылым-біліммен сабақтасқан терең ойлы тектілік пен кемелді кісілік, адами асыл қасиеттер сіңіруде ұлт мәдениетінің ошағы  «Театр өнерінің» маңызы зор.

Бүгінгі жас – ертеңгі еліміздің тұтқасын ұстар ер-азаматтар. Ал ұрпақ бойына ұлттық құндылықтар дарытуда иісі қазақтың исі аңқыған өнер ордасы қаншалықты үн қатып жатыр? Осы мақсатта еліміздің бас театры М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс №173 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесті.

«Адам – арайлы арманымен асқақ. Кішкентай кезімізде бізге «армандай алмаған адам – мүгедек, қиялдай алмаған адам – қаріп» деп үйрететін. Өздеріңіздей күнімде бүгінгі қарашаңырағымыздың, қазақ өнерінің қазығын қаққан, театр тарихында аты қалған, ата-ағаларымыздың өнерін көріп, соларға еліктеуден өнердің алғашқы баспалдағына қадам бастым». Сөзін осылай бастаған актер бір сәт оқушылармен бірге «балалық шаққа саяхат» жасады. Оқушылардың сұрауымен М.Мақатаевтың «Сүрініп кетпе» әнін айтып, Абайдың И.А.Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа» мысалындағы шегірткенің сөзін оқып, кездесу соңы келелі сұқбатқа айналды. 

Оқушы: Бүгінгі ұрпақтың ұнамсыз қылықтары жайлы не айтасыз? 

Бекжан Тұрыс: Бүкіл тәрбиенің темірқазығы – отбасы. Менің үйімнің жанында №140 М.Мақатаев атындағы мектеп-гимназиясы бар. Мектептегі оқушылардың барлығы дерлік орыс тілінде сөйлеседі. Мұндай мәселені айтып отырған себебім, Абай «Достыққа достық – қарыз іс» дейді. Мен қазаққа жау емеспін, қазақтың досымын. Сондықтан бүгінгі ұрпағымыз саналы болса екен деймін. Бірақ тал бойында тарыдай ұят қалмаған сол саналы ұрпақ бал тамар тілден у сорғалатып, қазақша-орысша бейәдеп сөздер айтып, қазақы ибалық пен адами иманшылықтан жалаңаштанып қалды. Сондай ұл-қыздарымыздың сұм-сұрқия тірліктерін көрген кезімізде, «апыр-ау, мына балаларды үйде осылай тәрбиелеп жатқан жоқ шығар, неге бұлай болып барады?» деп жаным ауырады. Содан кейін айналып келіп адамның бет-бейнесінің өзгергенін бүгінгі жаһандық дәуірден көремін. Біз әлімсақтан бері кісілік кейпін сақтаған, ел үмітін ақтаған, дін мен дәстүрді үйлестіріп, үйлесімді өмір сүрген өнегелі мұсылман қазақ деген халық едік. Бүгін сол қазақтығымыздан айырылып барамыз ба? Ұлдары айбарлы, қыздары жайдарлы болған кешегі қазақтың балалары қандай еді?! Осы балаларды опасыздыққа емес, Отаншылдыққа, тексіздікке емес, текшілдікке, тәмпіштікке емес, тәрбиелілікке баули алсақ, кешегі қазақтың бойындағы қадір-қасиетін сіңіре алсақ жақсы болар еді. 

Оқушы: «Қожанасыр тірі екен...» комедиясында басты рольді ойнадыңыз. Өз бойыңызда Қожанасырдай әпенділігіңіз бар ма?! 

Бекжан Тұрыс: Әпенделік әр адамның бойында болады. Кезінде әпенделік мінездеріміз болған, бірақ қырықтан кейін әпенделікпен қоштасқанмын-ау, қазір бойымда ондай мінез жоқ. 

Оқушы: «Қожанасыр тірі екен...» спектакліндегі рөліңіз туралы айтып берсеңіз... 

Бекжан Тұрыс: Қожанасыр – қазақ халқына ғана емес, түркі әлеміне ортақ тұлға. Әр ұлттың өз Қожанасыры бар. Ал өзім ұлттың сөзін сөйлеп жүргеннен кейін бүгінгі қазақтың болмысын, жуастығын кейіпкерімнің бойына сіңірген, оның тілімен қоғамдағы кемшіл тұстарды тіліп-тіліп айтқан, өз ұлтының тағдырын ойлайтын оппозиционер Қожанасыр болдым. Қожанасырды «менің Қожанасырым», «менің жүрегімдегі Қожанасыр» деп әркім әртүрлі қабылдайды. Оны жұрттың бәрі «мынау әпенделіктен көз ашпаған екен ғой» деп ойлайды. Жоқ. Шын мәнінде, шығу тарихына үңілсек, Қожанасыр – өте ақылды, білімді болған адам

Оқушы: Бойыңыздағы қанмен біткен қазақтылықты немен байланыстырар едіңіз және балалық шағыңызда спортпен айналыстыңыз ба? 

Бекжан Тұрыс: Біз – ат мініп өскен қазақтың баласымыз. Ал қаланың балалары ертоқымының не екенін білмейді. Менің кешімді өткізуіме түрткі болған да осы жай еді. Астанада Ұлттық музейді аралап жүргенімде бір топ студенттердің ертоқымның не екенін білмей: «мынау не?» деп сұрап тұрғанын көріп ішімнен қан жыладым. Жандарына барып сұрай кеттім: 
- Сен кімсің? Ұлтың кім? 
- Қазақпын. 
- Жоқ, сен қазақ емессің. Қазақ болсаң, неге ер-тұрманды білмейсің? Ауылдың баласысың ба? 
- Ауылдың баласымын. 
- Жоқ, сен ауылдың баласы емессің. Ауылдың баласы болсаң, ер-тоқымды білуің керек қой. 
Алты жасында ашамайға отырғызып, алпыс жасында аттан түсірмеген, ердің құнын ертоқыммен өлшеген аталарым болатын. Апаларымыздың «Жақсы еркектің ішінде ертоқым мен ат жатады, жақсы әйелдің ішінде бесігімен сәби жатады» деген даналығы бар. Бүгінгі ұрпағымыздың сол ертоқымды білмей тұрғанын көргенде қалай жаның ауырмасын?! Өзіміз кішкентайымыздан аттың құлағында ойнап, көкбар тартып, бәйгеге қатысқанбыз. Ауылымыз шағын болғандықтан, спортпен айналысатын орталықтар ашылды деп айта алаймын. Алайда, кейіннен әскерге барғаннан таңғы жүгіру әдетке айналып, содан бері бұл дағдымды тастап көрген жоқпын. Өзіңіз айтқан қазақылық жайына келсек, ол – қанмен бітетін, жанмен бірге алып жүрген дүние. Сондықтан, менің болмысым – қазақ.

Оқушы: Махаббаты қалай түсінесіз? 

Бекжан Тұрыс: «Ұлым саған айтам...» деген кешімде, ұлым «Әке, махаббат деген не?» деп сұрайды. Менің жауабыма көнбей, «Әке, қазіргі махаббат, ол – ақша, ол – зәулім үй, ол – машина, ол – қызмет» дейді. Ия, мына қатігез қоғамда махаббат жоқ. Махаббатқа құлдықтың қамытын кигізіп, бардың қолжаулығы, жоқтың қолүздігі етіп қойдық. Оған қоса мейірім жоқ. Мейірім мен махаббат болмаған жерде біздің ұрпақ өспейді. Махаббатты ұмытқан қоғам бақытсыз ұрпақ тәрбиелеп шығарады. Ал біздің бүгінгі балалар ерсілеу көре ме екен, махаббат туралы ойланбайды. Сондықтан да Қазақ елі ажырасу жағынан әлемде 9-орында, ал миллиард халқы бар қытай 59-орында. Кезіндегі бір ауылды уыздай ұйытып, жұртының жүрегін сүйген ақсақалдарымыз қандай еді?! Ботасы болса, тарпып сүйген, құлыны болса қарпып сүйген қазақ едік. Бір қарияның кесімді сөзі елді, бір кемпірдің кесімді сөзі келінді тәрбиелеген еді. Ал бүгін ше?! Ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасып жатқан ұрпақ. Сүрініп кетіп, бүлініп кеткен тағдырлар. Осының барлығы махаббаттың жоқтығынан. Махаббат деген – ұлы күш, ұлы дін. Ақан сері: 
Сүю деген адам үшін ұлы дін бар тұрақты. 
Анаң – Хауа, атаң – Адам 
Сол дін үшін тастап кеткен жұмақты, – деп айтқанындай, махаббат – жаратылыстың сыйы. Ол - құдірет. Сондықтан махаббатты қадірлей біліңіздер!

Дайындаған: Мөлдір Бекжан

Г. Берік