- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Массагет байқауының жеңімпаздары...
Массагет байқауының жеңімпаздары анықталды!
Массагет порталы ұйымдастырған "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауы мәресіне жетті. 8 аптаға созылған жарыста "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққандар анықталып, жүлделі орындарға ие болды.
Массагет сайты ұйымдастырған байқау жоғарғы дәрежеде өтті деп айтуға толықтай негіз бар. Жарыс жолына шыққан 40 қатысушының 27-сі мәреге дейін жетті (тек көрсеткіштері ғана әртүрлі болды демесеңіз). Кей қатысушылар блогты алғаш жазып үйренсе, жазып жүрген қатысушылар өз шеберліктерін ары қарай шыңдады. Қатысушылар жаздағы уақытын босқа өткізбей, мақсаттарына қол созды. Сол жолда ерінбей тер төгіп, табандылықпен соңына дейін шыдай білді. Бұл бізді қуантты.
Қатысушылардың белсенділігі жоғары болды. Тек кей қатысушылар отбасы жағдайы мен ғаламтордың болмауынан жарысты ерте аяқтады. Өкінішті екені рас. Бірақ жас таланттар өздерінің қарымы жоғары, талабы биік екенін дәлелдей білді. Бұл massaget.kz сайтының қызметкерлерін ғана емес, оқырмандарын да қуантты.
Мәреге жеткен 27 қатысушы сайттың арнайы таңбасы қойылған кесе (кружка) және танымал "Алдаспан" тобының ән жинақтарымен марапатталады.
Массагет байқауы еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың басын біріктіріп, бір арнаға тоғыстырды. Командалық сын қатысушыларды жаңа таныстық пен достыққа жетеледі. Бір-біріне барынша қолдау білдірді. Бұл – бірлігі жарасқан ел болашағының бір көрінісі іспетті де болды. Ендеше жеңімпаздарға кезек берейік.
"Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауының командалық сынында Шерхан Талап жетекшілік жасаған "Хан Tengri" тобы жеңімпаз атанды. Жарысқа белсене қатысқан команданың 7 үміткері мәреге сүрінбей жетті. Нәтижесінде 783,4 ұпай жинап, оқ бойы озық шықты.
"Бірлігі жарасқан команда" аталымы бойынша "Томирис" тобы марапатталады. Қыздардан құралған команда ұйымшылдығымен көзге түсіп, "Жұлдыз FM" радиосы тағайындаған арнайы сыйлықтарға ие болды. Бұл топтан мәреге 7 қатысушы жетті.
"Ең ізденімпаз" команда аталымына "Парасат" тобы ие болды. Команданы "Полифония" халықаралық әдебиет фестивалінің ұйымдастырушылары арнайы туындыларымен марапаттайды.
8 аптаға созылған "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауының жеңімпазы болып Ақбаян Қоныс танылды. Байқау барысында 18 блог жазған жеңімпаз ізденімпаздығымен ерекшеленіп, тамаша асхана "ханшайымы" екенін дәлелдей білді. Сондай-ақ, ҰБТ-ға дайындығын да пысықтап, оқырмандарын қуанта білді. Сайт атынан жеңімпазға "Asus" планшеті мен қазақша оюлармен көмкерілген саяхат сөмкесі табысталады.
Байқауда екінші орынға Аят Асқарбекұлы ие болды. Мақсатына қол созған жігіт еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен, сондай-ақ таудай талабымен дараланды. Білмегенін сұраудан жалықпаған Аят 8 аптаға қойған мақсатын орындап шығып, бағалау комиссиясы тарапынан жоғары бағаға ие болды. Үміткерге қолдаушылары да соңғы сәтке дейін сенім артты. Сайт атынан екінші орын алған қатысушымызға қатқыл диск (жесткий диск, 1 тв) пен ноутбук салуға арналған сөмке табысталады.
"Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауының жүлделі үшінші орнын Айзере Рахманбердиева түйіндеді. Массагет сайтының оқырманы осыған дейін де блог байқауына қатысып, белсенділігімен көзге түскен болатын. Бұл жолы Айзеренің асығы алшысынан түсіп, үшінші орынды иеленді. Нәтижесінде Айзереге саяхат сөмкесі мен "тышқан" (маус) бұйырды.
"Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауындағы жекелей сыйлық иегерлері
Массагет порталы ұйымдастырған байқауға қол ұшын созған ұйымдар мен танымал адамдар аз болған жоқ. Ендеше демеушілердің жүлдесіне ие болған қатысушыларды таныстырамыз. Ескерте кетейік, демеушілер сыйлығы рейтингке тікелей қатысты емес.
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова Массагет байқауына арнайы жүлде тағайындаған болатын. Автордың қолы қойылған "Бабалар аманаты" кітабына Гүлдәрі Құрманбек пен Жанерке Жұмабайқызы ие болды.
Елімізге танымал «Ұлас-Электрон» ЖШС-нің жүлдесін Кәусар Тортай мен Алтынай Жырғалбай иеленді. Екі қатысушыға компания электронды киіз үй тарту етті.
Белгілі дыбыс режиссері Сергей Лобановтың сыйлығы Фарида Бейсенқожаға бұйырды. Байқау қатысушысы қазақтың күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегенованың әндері топтастырылған дискке ие болды.
Белгілі шебер Нұрлан Әбдірахман да Массагет байқауына көп көмегін тигізді. Шебердің қолынан шыққан "сұлу" сырға Мерей Әділқызын "таңдады".
Massaget.kz сайтының жекелей сыйлықтары
Массагет порталы да байқауға белсене қатысқан үміткерлерді сыйлықтан құр қалдырмауға уәде берген болатын. Ендеше сайттың арнайы жүлделеріне ие болған қатысушыларды таныстыра отырайық.
"Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауына белсене қатысқан үміткерлердің бірі - Дәулетбақ Муятов болды. Төртінші орын алған қатысушының еңбегін жоғары деп бағалаймыз. Болашағы жарқын таланттың мақсатына жету жолындағы талапшылдығын сөз саптауынан-ақ байқауға болады. Арнайы сыйлыққа демеушілер тарапынан келген кәуапқа арналған таяқшалар жиынтығына ие болды.
Байқауда алдына ең көп мақсат қойып, асқан табанылықпен, төзімділікпен көзге түскен Назым Сапарова да жүлдеден құр алақан қалмады. Батылдық пен нәзіктікті тең ұстаған аруымыз тағамдардың сан түрін әзірлеп қана қоймай, темір тұлпарды да тізгіндей білді. Белсенді қатысушымызға "Қазақтың дарқан дастарханы" атты кітапты табыстаймыз.
Байқаудағы ерекше мақсат қойған жас таланттардың бірі Мәлік Сейтбек болды. Ол дала өсімдіктерінің дәрілік қасиетін айқындап, оны емдік жолда пайдалану туралы мақсат қойған болатын. Өзге де жоспарлары болды. Өз мақсатын толықтай орындамаса да, еңбекқорлығымен көзге түсе білді. Талапты қатысушымызға кәуапқа арналған таяқшалар жиынтығын табыстаймыз.
"Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауында Аяжан Бәзілжанова алдына ерекше мақсат қоя білді. Әр үйге көрік беретін гүлдерді баптап, Алматы қаласының ауа райына икемделген гүлдер тізімін ұсынды. Нәзік аруымыздың еңбекқорлығы мен мейірімділігін ерекше бағалап, бұдан кейін де үйі гүлге толсын деген ниетпен гүлге арналған ыдыстың түр-түрін ұсынамыз.
«Өмірдегі ең сенімді компас - мақсат» - деп білетін Дина Бөкебай есімді қатысушымыз жоғары нәтиже көрсете білді. Нәтижесінде сайтымыздың арнайы сыйлығына (Д. Исабеков "Бонапарттың үйленуі") ие болып отыр.
Массагет байқауына қатысушылар арасында жас ақындар да болды. Әсіресе Айнұр Исмаилова өзінің сөз өрнегімен оқырмандарды баурап ала білді. Үміткер сайтымыздағы белсенді оқырмандардың да бірі. Осыған орай Сәкен Жүнісовтің "Жапандағы жалғыз үй" туындысын табыстаймыз.
"Аспаз болу" мақсатын алға қойған қатысушылардың жекелей сыйлықтары
Массагет байқауына қатысушылардың көпшілігі өз мақсаттарына тағам дайындауды қосты. Апта сайын ерекше дайындалған тағамдарымен оқырмандарын да қуантты. Арнайы тапсырма кезеңінде қиялдарына ерік беріп, өздері ойлап тапқан асты да даярлады. 8 апта бойы барын салған аспаздардың еңбегін жоғары бағалаған сайт ұжымы арнайы сыйлықтар табыстауды ұйғарып отыр.
Ақерке Ерболғанның сыйлығы (сандықша, торт безендіргіштер)
Зелімхан Жолдастың сыйлығы (қойын дәптер, кескіш және ас үй қолғабы)
Әсем Жолдасованың сыйлығы (жұмыртқа қоятын ыдыс пен фарфор ыдыс)
Ақерке Әшімақынның сыйлығы (кекс пісіруге арналған қалыптар)
Арай Баймақанның сыйлығы (торт безендіргіш, бәліш пісіруге арналған қалып)
"Ағылшын тілін үйрену" мақсатын алға қойған қатысушылардың жекелей сыйлықтары
Массагет байқауына қатысушылардың арасында ағылшын тілін үйренуді мақсат тұтқандар да болды. Үміткерлер белгілі бір деңгейде өз мақсаттарын орындап, жекелей сыйлықтарға ие болып отыр.
Жадыра Ерболғанға ағылшын тілі мен аспаздықты қатар меңгергені үшін арнайы жүлде (кепсер мен кескіш)
Саламат Сетештің сыйлығы (С. Досанов "Ақбас бүркіт")
Арайлым Есіркептің сыйлығы (Б.Тоғысбаев "Әкең де бала болған")
"Тілші болу" мен "кітап оқу" мақсатын алға қойған қатысушыларға арналған жүлделер
Гүлнұр Маратованың сыйлығы (Ш. Айтматов "Жан пида")
Ырысгүл Кеңшіліктің сыйлығы (Ш. Айтматов "Қызыл алма")
Жансая Олжабектің сыйлығы (Т.Әлімқұлов "Телқоңыр")
Сағыныш Тасболаттың сыйлығы (Б. Соқпақбаев "Менің атым Қожа")
Гауһар Орынбасардың сыйлығы (К. Сегізбайұлы "Жылдың ең қысқа күндері")
"Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауының бағасын оқырмандар бере жатар. Ал бізді жас таланттардың таудай талабы қуантты. Жарыс барысында кеткен кей кемшіліктер үшін кешірім сұраймыз. Жарыстың басты мақсаты - оқушылардың жазғы демалысын пайдалы өткізуіне, тұлға болып қалыптасуына әсер ету, алдына айқын мақсаттар қойып, сол мақсатқа жетпейінше тынбай еңбектенуге баулу болатын. Біз бұл үддеден шықтық деген сенімдеміз.
Массагет байқауына қатысушылардың барлығына сайт атынан сәттілік тілейміз. Өмірде тек биік белестерден көрініңіздер! Алдарыңызға асқақ мақсаттар қойып, соны бағындыруларыңызға шын жүректен тілектеспіз. Ал бұл байқау - соның алғашқы баспалдағы болғай. Бір-бірлеріңізбен нағыз дос болады деген де сенімдеміз. Қуаныштарыңыз бен жетістіктеріңізді бізбен бөлісіп отыруды да ұмытпағайсыздар. Құрметпен сіздердің сенімді серіктеріңіз, Massaget.kz!!!
Байқаудың қорытынды рейтингі
Соңғы жаңартылған уақыты: 1 қыркүйек, 18:18
Орын | Қатысушы есімі | Команда | Жалпы ұпайы | Мақсатын орындау |
1 | Ақбаян Қоныс | Парасат | 1287 | 97 % |
2 | Аят Асқарбекұлы | Хан Tengri | 1221,1 | 97% |
3 | Айзере Рахманбердиева | Эрудит | 1169,1 | 95 % |
4 | Дәулетбақ Муятов | Хан Tengri | 1148 | 90 % |
5 | Назым Сапарова | Томирис | 936,13 | 95 % |
6 | Ақерке Ерболған | Хан Tengri | 929,4 | 98 % |
7 | Cағыныш Тасболат | Хан Tengri | 925,12 | 98 % |
8 | Гүлдәрі Құрманбек | Томирис | 886,8 | 95 % |
9 | Аяжан Базилжанова | Мұзбалақ | 869,1 | 98 % |
10 | Жадыра Ерболған | Хан Tengri | 860,7 | 98 % |
11 | Зелимхан Жолдасов | Мұзбалақ | 704,6 | 98 % |
12 | Кәусар Тортай | Парасат | 673,5 | 91 % |
13 | Ырысгүл Кеңшілік | Томирис | 671,6 | 80 % |
14 | Әсем Жолдасова | Томирис | 669,4 | 80 % |
15 | Ақерке Ашимақын | Мұзбалақ | 633,8 | 98 % |
16 | Гүлнұр Маратова | Томирис | 622,4 | 80 % |
17 | Гауһар Орынбасар | Эрудит | 593,2 | 85 % |
18 | Айнұр Исмаилова | Парасат | 564,3 | 93 % |
19 | Жансая Олжабек | Томирис | 452,3 | 85 % |
20 | Дина Бөкебай | Хан Tengri | 441,2 | 96 % |
21 | Жұлдызай Мұсаева | Мұзбалақ | 432,4 | 75 % |
22 | Саламат Салто | Парасат | 429,6 | 85 % |
23 | Малик Сейтбек | Мұзбалақ | 313,2 | 60 % |
24 | Арайлым Есіркеп | Эрудит | 262,8 | 75 % |
25 | Алтынай Жырғалбай | Парасат | 259,6 | 94 % |
26 | Мерей Әділқызы | Хан Tengri | 202 | 50 % |
27 | Арай Баймахан | Томирис | 134,9 | 50 % |
28 | Мөлдір Қуат | Эрудит | 586,4 | - |
29 | Оразбек Пернебай | Эрудит | 505,3 | - |
30 | Аяжан Сағиева | Эрудит | 480,4 | - |
31 | Арайлым Сауранбай | Парасат | 447,1 | - |
32 | Астанай Бақыт | Парасат | 443,2 | - |
33 | Фарида Бейсенқожа | Парасат | 394,8 | - |
34 | Мөлдір Жұбаева | Томирис | 393,6 | - |
35 | Жанерке Жұмабайқызы | Парасат | 360,1 | - |
36 | Лунара Аманғалиева | Мұзбалақ | 241,3 | - |
37 | Бөріхан Атаханов | Эрудит | 186,5 | - |
38 | Ерлан Лаханов | Эрудит | 155,5 | - |
39 | Айсәуле Тілеуғали | Хан Tengri | 108,6 | - |
40 | Жадыра Маратова | Мұзбалақ | 105,1 | - |