Сурет өнерін сүйетіндерге

Сурет өнерін сүйетіндерге
Фото: azattyq.org

Кез келген адам суретші бола алмайды, ол үшін дарының өзіңмен қоса туылуы керек деген қағида қалыптасқан. Бұл мүлдем олай емес, адамның қолынан келмейтін іс жоқ.

Массагеттің мектеп қабырғасындағы оқырмандары "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауында сурет өнеріне қызығушылығы жоғары екенін жазған еді. Жас суретшілер жіберетін қателіктер сіздерде қайталанбасын деген мақсатпен келесі кеңестерді ұсынамыз.

Сурет өнерінің негіздерін оқыңыз. Бұл ең алғашқы және ең басты кеңес. Көл көсір талантыңыз болған күнде де, арнайы сауат ашып, композиция, анатомия/фигура, сәулетті көрініс, көлем деген секілді терминдермен таныспасаңыз, сізден жақсы суретші шыға қоймайды.

Ең жақсы суретшілермен дос болыңыз. Сіздің досыңыз да суретті жақсы салатын болса, өзіңізді онымен салыстырудың қажеті шамалы. Атақты суретшілердің  өмір жолы және жұмыстарымен танысыңыз, сонда тек сурет салу саласында ғана емес, өмір сүру стилінде де өзіңізге біраз жаңалық ашасыз.

Сынды серпіліспен қабылдаңыз. Адамдар сіздің бұрын-соңды тарихта болмаған туындыңызды жете түсіне алмауы мүмкін. Ал кейде жөні түзу адамнан дені дұрыс сын еститін кез болады, ондай жағдайды қалт жібермей, түйіп алған жөн. Егер әр сынға бұлқан-талқан болып ашу шақырып, өзіңіз туралы теріс пікір қалыптастырар болсаңыз, алға жылжи алмайсыз.

Суретті санамен салыңыз. Сурет салуды енді-енді бастап жүрген болсаңыз, жасаған туындыңыздан мән іздеңіз. Қандай мағынаға ие, өз өнеріңізбен өзгелерге не үндей білесіз – осыны ойлаңыз.

Қағазға өз қиялыңызды түсіріңіз. Қоршаған ортаның дәлме-дәл көшірмесін салу – камера мен фотоаппарат шыққаннан кейін керексіз секілді болып қалды. Суретшілерде дерексіз сурет салу, ойына түскенді орағыту еркіндігі туды. Сіз де бұл мүмкіндікті құр жібермеңіз.

Ешқашан тоқтап қалмаңыз. Ұлы суретшілердің ешқайсысы «мен шырқау шегіме жеттім» деп айтқан емес. Сол себепті, шеберліктің шекарасы, ең биік нүктесі болады деп айта алмаймыз. Оған әркім өз мүмкіндігінше шығады. Бір жетістікке жеттім екен деп, көкірегіңізді кермей, әрдайым өзіңізбен жұмыс істеңіз.

Кітаптар оқыңыз. Тек қана сурет салу кәсібі жайындағы ғылыми кітаптармен шектелмей, әдеби кітаптарды да қолға алыңыз. Олар сізге шабыт сыйлап, қиялыңызды жетілдіреді. Өз музаңды табу үшін өзге әлемге сүңгіп кетуден артық не бар?!

Ақталмаңыз. Тындырмаған тірлігіңіз үшін себеп табуға жұмсаған уақытыңызды сол істі бітіруге жұмсаңыз. Ойланып көріңізші, өзіңізге күніне неше рет «мына істі істеген жоқпын, себебі...» деген сылтаулар ойлап табасыз?!

@. @assel_assanova