Мүмкіндік бәріне бірдей беріледі

Мүмкіндік бәріне бірдей беріледі
Фото: www.fotoavtor.ru

Хабарландыру берілді: «Теңіз жағасындағы үш қабатты үй сатылады. Бассейні, бағы бар. Бағасы – 1 доллар».

– Бос сөз! – деп газетті қоқысқа лақтырды үй-күйсіз жүрген кезбе. Азық ететін бір нәрсе іздеп жүріп, қабырғадағы ілулі жарнамаға көзі түсті: «Теңіз жағасындағы үш қабатты үй сатылады. Бассейні, бағы бар. Бағасы – 1 доллар».

«Қате басылып кеткен болар», - деп міңгірледі әлгі қаңғыбас. Даңғыл жолға шыққанда үлкен жарнамалық баннерден бағанағы жарнаманы тағы көрді. «Теңіз жағасындағы үш қабатты үй сатылады. Бассейні, бағы бар. Бағасы – 1 доллар».

Қаңғыбас ойға қалды: қандай есалаң мұндай шешімге келеді және оны жарнамаға береді. Оның қалтасындағы соңғы бір долларынан өзге жоғалтар ештеңесі жоқ еді. Көрсетілген мекен-жайға келіп, сол айтылған үш қабатты зәулім үйді көрді. Дереу қоңырауды басты. Әдемі келіншек есік ашты.

– Кешіріңіз, мен хабарлама бойынша келіп едім. Мұнда ешқандай шикілік жоқ па?

– Жоқ, бәрі де дұрыс.

– Сонда шынымен де 1 доллар тұра ма? Мүмкін саннан шатасқан боларсыз.

– Иә, 1 доллар. Қызығушылық танытсаңыз, сізге көрсетейін.

Үй-күйсіз көше кезіп жүрген қаңғыбас аса таңданған түрмен қалтасындағы соңғы бір долларын келіншекке ұстатып, өзі зәулім үйге ие болып қала берді. Соншалықты арзан бағаның себебін сұрап еді, әйел күліп тұрып былай жауап берді: «Менің күйеуім өмірден өтер алдында вилламызды сатып, ақшасын көңілдесіне беруімді өсиет етіп кетіп еді. Оның соңғы тілегін орындадым. Енді көңілім жай тапты. Жарнама бермеген жерім қалмады, жарты жыл бойы ілініп тұрды, сіз ғана бірінші болып хабарластыңыз. Сізге алғыс айтамын!» Осы сөзді айтып кетіп қалды.

Түйін: Әркімге мүмкіндік беріледі! Тек мүмкін емес нәрсенің мүмкін болатынына, ықтималдығы 1 пайызға тең істің жүзеге асатынына шын сенуіміз керек.

@. @assel_assanova