- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- "Мұзбалақ" биікке самғайды...
"Мұзбалақ" биікке самғайды
Бәріңізге белгілі, порталымызда маусымның 25 күні «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» атты байқау басталған болатын. Алғаш рет ұйымдастырылса да әзірге бет алысы жаман емес. Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат - мектеп оқушыларының жазғы демалысын қызықты өткізіп, өз алдына мақсат қоюға тәрбиелеу. Сондай-ақ, алтындай уақытты арзан нәрселерге емес, пайдалы істерге арнауға үйрету болатын.
Енді мен ат басын бірден топ атауына бұрайын. Басымызды біразға дейін қатырып, он ойландырып, тоғыз рет тоқсан толғандырған да осы болды. Артынша, ақылдаса келе мемлекетіміздің атын "Мұзбалақ" деп қойдық. Себебі, қыран десе қазақ, қазақ десе қыранның ойға оралатыны белгілі. Қыран текті әрі ең "мықты" құс болса, мұзбалақ осы мықты құстың нағыз қайраты толысып, қуаты таситын шағы. Бір сөзбен айтқанда, мұзбалақ - қыранның қырағысы. Бұл қырағы қыранның діттегіне жетпей қоймайтын алғырлығы мен өжеттігі тағы бар. Осы асыл қасиеттерді өзімізден де тапқандықтан топ атауын осылай таңбаладық. Ендеше, мақсатына мініп биікке самғайтын мұзбалақтықтармен таныс болыңыздар.
Аяжан Бәзілжанова - 1999 жылы ақпан айының 18 жұлдызында Алматыда дүниеге келген. Абай ақынның: "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" деген нақылын өзіндік ұстанымына айналдырған Аяжан адамзат баласын ардақтап, дос тұту өмірлік мақсаты деп біледі. Болашақта үлкен сахнаға шығып, актриса болуды армандайтын ақылды қыздың өнерге деген қызығушылығын оятқан асыл анасы екен. Алғашқы блогына тақырыпты "Мен - елімнің ертеңімін" деп қоюы да оның қазақ елінің болашағына үлкен үлес қосар азаматша екенін айғақтайды.
Алматылық Ақерке Ашимақын - үйдің сүт кенжесі. Дана Абайдың "Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл" деген нақылын өмірлік ұранына айналдырған ерке қыз Бейсен Құранбек секілді қаламы қарымды, ойы ұшқыр журналистер қатарынан көрінгісі келеді. Осы арманына жету үшін ол жазғы демалысына үлкен мақсаттар қойды: көп ізденіп, әдеби шығармалар оқуды жоспарына тіркепті. Тіл үйірер тәттілер жасап үйренгісі келетінін жасырмады. Олай болса, Ақерке! Демалысың өзіңе үлкен пайда беретініне сенімдімін!
Біздің Жұлдызай Мусаева Сарыарқаның тумасы. Ол келешекте Мұхтар Әуезовтей әдебиеттің алтын қаламын ұстап, ғасыр жасайтын ұлы туынды жазатын жазушы болғысы келеді. Ол бос уақытында көзге елене бермейтін құбылыстарды суретке түсіргенді, өмірге деген құлшынысыңды арттыратын фильм көргенді ұнатады екен. Екінші Швейцария атанған Бурабай елін тамашалап, сол жолда қазақ және әлем әдебиетін оқығысы келеді. Бұл қызығушылықтары Жұлдызайды шабыттандыра түсетініне сенімдімін!
Осы жазғы демалыста екі үлкен жоспар құрған Жадыра Марат есімді ару - командамыздың белді мүшесі. Жаздың соңына дейін жеті түрлі тамақ жасап үйреніп, асүйдің ханшайымы атанғысы келеді. Сонымен қатар, Астана, Көкшетау қалаларын аралап, әдемі сәттерімен бөлісуді асыға күтіп жүр. Оның байқауға қатысудағы басты себебі, еліміздің түкпір-түкпірінен достар табу. Жадыра қызға сәттілік тілеп, көркем қалалар мен тірл үйірер тәтті тағамдарының суреттерін асыға күтеміз!
Байқауға қабылдаудың соңғы күні Махамбетше "мен - мен едім, мен едім" деп тобымызға тағы бір мақсаты айқын, талабы таудай Зелімхан Жолдасов атты азамат қосылды. Бұл азамат бір күнмен емес, болашағымен өмір сүретін бала. Бүгінгі талапкер, ертең студент атануға барын салмақшы. Білімді өмірлік бағытым деп білетін, Зелімхан өнерден де кенде емес. Көңілі түскенде әуелетіп ән салып, шабыты келгенде жыр жазатын қабілеті бар. Спорт оның ішін де футбол десе есі қалмайды. Сондай-ақ, 100 метрді 9,58 секундта жүгіріп өтіп, әлемдік рекордты жаңартқан Ямайка желаяғы Усейн Болтты басып озбасам да, осы ұзақтықты 12 секундта жүгіріп өтемін дейді.
Тобым жайлы айта берсем, ақтарылар сырдың шегі-шеті көрінбейді. Алдағы уақытта үзіп-үзіп, үзік-үзік сырмен бөлісіп отыратын боламыз. Ал, қырандарым! Сіздерге сәттілік тілеймін! Жазарларыңыз таусылмай, армандарыңыз аласармасын! Арманның шыңын бағындыратын мұзбалақтарыма мен бек сенемін! Мақсатымызға бірге жетейік!!!