- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- "Томирис" тобы бәріне...
"Томирис" тобы бәріне сәттілік тілейді!
Естеріңізге сала кетсек, маусымның 25 күні порталымыз «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» атты байқау ұйымдастырған болатын. Байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізіп, оларды мақсат қоюға, артынша мақсатына жетуге тәрбиелеу. Уақытын үнемдеп, сапалы істермен айналысуға баулу болатын. Өйткені соңымыздан ерген өрендеріміз – еліміздің ертеңі. Мемлекетіміздің гүлденіп, дамыған елдердің қатарына қосылуына жағдай жасайтын азаматтар. Небары бес күннің ішінде әр команда тобын толықтай жасақтап, әр қатысушы өзі туралы мәліметтерге қанық блогын жариялап үлгерген болатын. Арасында алдына қойған мақсаттарымен таныстырып үлгергендер де бар. Дәл осындай алдына қойған мақсатына еш кедергілерге қарамастан жете білетін, айрандай ұйып, араларынан қыл өтпестей дос болып үлгерген топ бар. Ол - менің «Томирис» атты командам. Олай болса, өздеріңізді мінезі жібектей нәзік, ісі өнімді, ақылы көркіне, аты затына сай командамның мүшелерімен жеке-жеке таныстырып өтейін.
Дәл қазір командамда Баймахан Арайлым, Жолдасова Әсем, Жұбаева Мөлдір, Құрманбек Гүлдәрі, Нұртуғанова Рысгүл, Сапарова Назым есімді алты қыз бар. Өзге команда мүшелері белгілі себептерге байланысты сайысқа қатыспайтын болды.
Баймахан Арайлым Жамбыл облысы Меркі ауданында 1999 жылы дүниеге келген. Өзін де, өзгелерді де қатар сыйлап, өзі ісіне тиянақты қарайтын қыз аяулы анасына еліктейді. Бос уақытында құрбыларымен серуендеп, жеміс-жидектермен безендіруді ұнатады. Өзінің төл туындылары да жоқ емес. Аталған байқауды мақсатына жетер жолда алғашқы баспалдақтардың бірі деп біледі.
Жолдасова Әсем 2002 жылы көктемнің соңғы айында Сарығаш өлкесінде дүниеге келген екен. Ешкімді ренжітпей, ешкімге ренжімейтін қызымыз айналасындағыларды бақытқа бөлеуді мақсат тұтады. Ата-анасының үкілі үмітін арқалап, талай белестерді бағындыруды армандайды. Әсем әр адамның қайталанбас тұлға екенін, олардың бойында жақсы, жаман қасиеттердің қатар жүретіндігін айтады. Осыған орай, адамдардың тек жақсы қасиеттерін бойға сіңіреді. Бос уақытында тәтті тағамдар жасап, моншақтан түрлі әшекей бұйым жасайды.
Томирис тобының ерекше қыздарының бірі – Жұбаева Мөлдір. 2001 жылы ақпанның аязында Ақтөбе қаласының Ырғыз ауданында дүниеге келген. Жанкүйеріміз Әбілова Фариза секілді табанды, батыл мінезді қыз. Әрдайым уақытын тек пайдалы істерге жұмсап, күлімсіреп жүруді ұнатады. Гүлназ Әлімгерей сынды еліктейтін тұлғасы бар. Қолы босай қалса, кітаптан бас көтермейді.
Қыздарымның барлығы шетінен өнерлі, ең бастысы, жауапкершілігі мол болғандықтан капитан сайлаудың қажеті жоқ шығар деп ойладым. Артынша сайыс ережесіне сәйкес, сайлауымыз керек болғандықтан өз ішімізде дауыс бердік. Нәтижесінде командамыздың капитаны Гүлдәрі Құрманбек болды. Қолжетпес арман болмайды деп мақсатына жету үшін тынбай еңбектенетін Гүлдәрі қызымыз 1998 жылы 11 желтоқсанда дүниеге келген. "Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің, уайым түбі терең ой, батасың да кетесің" демекші, әр істің өз қиындығы болатынын ойда ұстап, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете біледі. Мұны топтың өзге мүшелерімен тілдесуінен-ақ байқауға болады. Бос уақытынды қызықты әңгімелер оқып, нақыл сөздер жинақтап жүреді. Қазақтың киелі домбырасын асынып, әртүрлі терме орындайды.
Нұртуғанова Рысгүл Көкшетау өлкесінің тумасы. Ата-анасының сенімін ақтауды мұрат тұтқан қызымыз ауылдың тыныс тіршілігін жақсы көреді. Үй шаруасын ептеп, үнемі анасына қолғабыс етеді. Болашақта журналист болуды армандап, бүгінгі таңда үлкен белестерді бағындырып жүр.
Армандай білуді ғанибет деп білетін Назым Сапарова 1999 жылы 14 мамырда Көкшетау өлкесінде дүниеге келген. Табиғатынан намысшыл қызымыз барлығын қатар алып жүруді ұнатады. Бос уақытында кітап оқып, кесте тігеді.
Командамда дәл осындай батыл да нәзік, қайратты да қайсар қыздарымның барына қуанамын. Бірігіп талай белестерді бағындырамыз деген үміттемін. Барлықтарыңызға жеңіс тілеймін!
Хабарландыру! Кей топ мүшесі сайысқа қатыспайтындықтан, жаңадан 2 қатысушыны қабылдаймыз. Командамызға қосыламын деушілер осы материалдың соңына пікір жазып тіркелуіне болады.
Қ. Бүйенбай