Тақпақты қай әдіспен жаттайсыз?

Тақпақты қай әдіспен жаттайсыз?

Ұстаздарымыздың үйге тақпақ, өлең жаттауды не үшін беретінін білесіз бе? Әр күн сайын мазмұндама айтқызатынын ше? Бір қарағанда түкке тұрғысыз дүние болып көрінгенімен, бұл тәртіптің біздің болашағымыз үшін пайдасы мол.

Адамның миы - шешілмес құпиясы мол, бірегей механизм. Мидың заттарды, оқиғаларды, образдарды есте сақтау сынды басты қызметі бар. Ғалымдар оның механикалық, логикалық және мнемоникалық сынды үш түрін атайды. Олардың әрқайсысын жеке талдап көрейік. Мұнымен қатар, оларды үй тапсырмасын орындау барысында, сыныпта жаңа тақырыпты меңгеру кезінде пайдалана аласыз.

1. Механикалық

Бұл мәтінді жатқа білу. Бір адамдар жаттағанын ұзақ есте сақтаса, екіншілері бірден есінен шығарады. Ол жатталуы тиіс ақпараттың көлемімен және ұнамдылығымен байланысты.

2. Логикалық

Аталған тәсіл өте көп кездеседі. Ол берілген тапсырманы шешу барысында немесе сұраққа жауап іздеу кезінде бұған дейін меңгерген білімімізге сүйенумен байланысты. Бұл тәсілді жаттаған материалымызды түсінген кезде ғана пайдалана аламыз. Ол бірнеше әдісті қамтиды:

Негізгі тақырыпқа тоқталу. Мұның үлкен көлемді материалды өңдеген кезде пайдасы зор. Мәтіннен ең негізгі деген ойлар алынады. Артынша осыған сүйеніп керекті детальдарды есімізге түсіреміз.

Негізгі тақырыпты ысыру. Ескерілмеуі тиіс деген детальдар назарға алынады. Олар арқылы басты тақырыпқа жақындауға болады.

3. Мнемоникалық

Бұл - есте сақтаудың ең қызықты тәсілі. Есте сақталуы тиіс ақпараттарды образға айналдырамыз. Мысалы, бір адаммен тілдескеніңізге арада бір сағат өткен соң оның қандай киімде болғанын, ауа райының қандай екенін көз алдыңызға елестетесіз.

Әр адам ақпаратты түрліше есте сақтайды. Бұл әсер етуші факторларға байланысты болуы мүмкін. Ең бастысы, біз есте сақтау қабілетімізді жақсартып, қажеті жаттығулардың көмегімен жаттықтыра аламыз.

Ал Сіз тақпақты қай әдіспен жаттайсыз?

Сурет: astana-bilim.kz 

Қ. Бүйенбай