Аустралия оқушылары қой баққысы келмейді

Аустралия оқушылары қой баққысы келмейді

Жер бетіндегі мектептерде оқушылар әртүрлі тілде сөйлеседі. Мұнымен қатар, өзге де айырмашылықтары да жоқ емес. Олай болса, сол айырмашылықтардың ең қызықты дегендерін назарларыңызға ұсынамыз.

Аустралия мектептері

Мемлекет басшылығы мектептегі білім беру үрдісі үшін алаңдап отыр. Аустралияның болашағы ауыл және қой шаруашылығымен тікелей байланысты. Ал мамандар заманауи оқушылардың аталған шаруашылықпен айналыспайтындығын айтады. Аустралия кеңесінің ұйғаруымен мемлекеттегі мектептерге зерттеу жұмысы жүргізілген. Аталған зерттеуге 61 ауыл мектебі қатысқан. Осы мектептер ішінен 900 оқушы бақылауда болған. Нәтижесі ғалымдарды қатты таңқалдырған. 10 сынып оқушыларының 40%-ы мақтаның өсуін жануар дамуымен шатастырған. Ал дәл осы оқушылардың 13%-ы мен 6 сынып оқушыларының 27%-ы йогуртты табиғи өнім деп атаған. Аустралия мектептері үлкен өзгерісті талап ететін секілді.

Мексика мектептері

Мексикада тұрмысы нашар оқушыларға арнайы білім беру бағдарламасы бар. Ол америкалық даму банкінің қолдауымен, әрі Мексика ұлттық кеңесінің нұсқауымен құрылған. Аталған бағдарлама әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашар ауылда тұрып, білім алу мүмкіндігінен айырылған оқушыларға арналған. Бағдарламаға сәйкес тағылымдамадан өтуші мұғалімді немесе екі студентті ауылға жібереді. Олар жалақысы аз болса да, оқушыларға білім беріп қайтуға міндетті. Артынша бағдарламаға ат салысқан студенттер оқуларын тегін жалғастыру грантына ие болады. Жыл сайын осы бағдарламаның көмегімен 40 мың өлкеден 300 мың оқушы білім алады.

Вьетнам мектептері

Вьетнам мектептері мен Хошимин балабақшаларының оқушылары мен ата-аналары бағдарламаға енген йога жаттығуларына өте риза. Лотос кейпінен басталатын жаттығулар жасалып жатқан кезде ұстаздар өсиет әңгімелер айтады. Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері бір күн ішінде бір сағатқа жуық йогамен айналысады. Мұнымен қатар, әр оқушы өз қалауынша йога жаттығуларынан қосымша сабақ алу құқығына ие. Білім беру және спорт саласының мамандары йоганың оқушылар денсаулығына жақсы әсерін тигізіп, оқуда озат болуына жағдай жасайтындығын айтады. Ал ата-аналар балаларының «онлайн тәртібінен» (әлеуметтік желілер) әлдеқайда алыстағандарына қуанышты.

Сурет: nis.edu.kz

Қ. Бүйенбай