- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Үздік оқушылардың өмірде...
Үздік оқушылардың өмірде жолы болмайтыны рас па?
Болашағыңыз жарқын, өміріңіз мәнді болуы үшін мектепті бестік бағаға оқу керек деген сөзбен келісесіз бе? Көбімізді ата-әжеміз бен әке-шешеміз «Сабағыңды жақсы оқымасаң, ауылға келіп қой бағасың!» деп қорқытқан шығар. Алайда тәжірибемізге сүйенсек, үздік оқушының әрдайым жолы бола бермейді екен.
Ұстаз Алтынай Абдраманова: «Мұғалімдер үздік оқитын оқушыларды жақсы көреді. Олардың жауапкершілігі мол, әрдайым сенім артуға болады. Алайда екілік немесе үштік бағаға оқитын оқушылар секілді бұзық қылықтарымен «тосын сый» жасамайтындықтан, адамды жалықтырып жіберуі мүмкін. Мұнымен қатар, олар сөзге шорқақ болып келеді", - дейді.
Үздік оқушылардың арасында сабақты жаттап алып айтатындары көп. Өмір мектеп емес, ол жерде жаттанды дүниелер көмектеспейді. Сол себепті, бұдан өзге бойымызда қиын сәтте өз бетімізше жауап іздеп, қоғаммен тығыз қарым-қатынас орната білу сынды қасиеттер болуы керек.
4 курс студенті Шерхан: «Менің тобымда қызыл дипломға үміткер болып жүрген Мейіргүл, Өмірбек, Фариза сынды студенттер көп. Сабақ оқымай келген күндері әрдайым көмектеседі. Дәріс, конспект дәптерлерін көшіруге береді», - дейді.
Жасұлан 2 курстан бастап жұмыс істейтіндіктен, көп сабақты жіберіп алды. Алайда Жасұлан «Қызыл диплом алатын студенттердің барлығы жұмысқа орналаса ма?» деген сұраққа «Жоқ!» деп жауап қайырады. Сабағын нашар оқыса да, оның факультетіміздің мақтанышы екенін айтып өткім келеді.
Жасұлан үздік оқушылардың қателіктерін бетіне басады. Өзгелері теорияға көп мән беріп, сабақты жаттап айтып жүрген кезде ол практикасын тиянақтап жүр. Әрине теориялық білімсіз де еш нәрсеге қол жеткізуге болмайды.
Мұнымен қатар, дипломның қызыл немесе көк екені көп жұмыс берушілер үшін маңызды емес. Олар әдетте «Қызметкеріңіздің мектепте немесе ЖОО-да қандай бағаға оқығаны маңызды ма?» деген сұраққа төмендігей жауап қайырады:
«Біз адамның осы жердегі еңбегін ғана бағалаймыз. Егер жұмысын «5», «4» деген бағаға жасаса, оны қалдырамыз. Ал «2» деген бағаға атқарса, жол болсын деп шығарып саламыз.
Екілікпен оқитындардың да жолы болмайды. Олар өмір бойы өзгенің пікіріне тәуелді болады. Әдетте мұндай оқушыларға ұстаздары мен ата-анасы «Сен адам болмайсың!» деп ұрысады. Ал екілікпен оқитын оқушылар бұл сөзге еріксіз илана бастайды.
Үштіктер мен төрттіктерді «алтын белестің» иегерлері деп атасақ та болады. Олардың үздік немесе екілік оқушылар секілді артық комплекстері жоқ. Өздерін еш нәрсеге бола айыптамайды. Өздеріне ұнайтын тақырыптарды ғана меңгеретіндіктен, мектеп бағдарламасының көп бөлігін игермейді. Осының салдарынан аттестаттары мен дипломдарына төмен баға қойылады. Алайда «алтын белес» иегерлері кез келген ситуациядан сытылып шығып, үздік оқушылардың алдын орап кете алады.
Зерттейтін болсаңыз, көп атақты адамдар мектепте үштік бағамен оқыған. Естеріңізде болса, мұғалімдер Альберт Эйнштейннің қабілетін осылайша бағалаған. Алайда Эйнштейн табиғи алаңғасарлығының арқасында қарапайым дүниелерді есінде сақтай алмай қиналған. Ол өмірінің соңына дейін шпаргалка мен көбейту кестесін пайдаланған. Алайда бұл қасиеті танымал болуына еш кедергі жасамады.
Үштіктер секілді үздік оқушылар да түрлі болып келеді. Бойында таланты тасып тұрған, қиындықты оңай шеше алатын үздік оқушылар да болады. Ата-аналар оларға дұрыс жағдай жасаса, бұл балалар табысқа жетеді. Олардан тамаша менеджерлер шығуы мүмкін. Бұдан өзге сабақты баға үшін жаттап айтатын оқушылар бар. Олар барлық уақытта алдыңғы қатардан көрінгісі келеді. Яғни басындағы білім емес, мұғалім қоятын баға маңызды. Алайда қоғам қоятын баға мүлдем өзгеше болады. Өмірде жанында отырған парталасы басып озатын сәт те болуы мүмкін. Бұл үздік оқушы үшін нағыз трагедия болады. Себебі, оған ұстазы әрдайым ең үздігі өзі екенін айтып отыратын.
Ал үштіктердің жағдайы басқа. Олар қателік жіберуден қорықпайтындықтан, өмірде міндетті түрде жолы болады.
Ал Сіз үздік оқушылардың өмірде жолы болмайды деген пікірмен келісесіз бе? Өзіңіз қандай оқушысыз?
Оқи отырыңыз:
Ұстазыңызбен сыйыңыз жараспай жүр ме?
Мектепте оқудың пайдасы қандай?
Сіздің де лақап атыңыз бар ма?
Оқушы қыздар қандай қателік жібереді?
Сурет: voxpopuli.kz, Massaget.kz
Қ. Бүйенбай