- Негізгі бет
- Алтын ұя
- Мамандық таңдауға мотивация...
Мамандық таңдауға мотивация
Бұл дүниеге адам адам болып жаратылғаннан кейін, адал боп өту парызымыз. Жарлы болса да, жар таңдаудан, жаман болса да маман болудан қателеспеген адам – өз мақсатына жете білген тұлға. Болашақ кәсібін дұрыс таңдай алған адамнан кәсіби тұлға пайда болады. Ал, мамандығына жауапкершілік танытып, жұмысына ыстық ықыласы ауған мұндай маманнан сапалы өнім шығады.
Мамандық таңдаудың жауапкершілігі – мектеп табалдырығын тәмәмдап, жаңа өмірге аяқ басар мектеп түлектері үшін өте маңызды. Себебі, бұл таңдау өзінің болашағының іргетасын қалайтын маңызды шешім. Кез келген адамның тумысынан қанына біткен ерекше қабілеті, көзге көрінбес дарыны болады. Өн бойындағы осы бір қабілеттің бір ұшынан ұстаса, ол даралық дарынға айналады.
Балалық шақтың армандары бір-біріне ұқсас келеді екен. Бар баланың көкейінде «мен мұғалім боламын, дәрігер боламын, полицей боламын» деген ойлар бірдей сайрайды. Бүлдіршіндер қиялында стереотипке айналған бұл мамандықтар уақыт өте келе баланың көңілінен шыға бермейді. Ойлау өрісі кеңейіп, ақылы толыққан жасөспірім өз таңдауын жасауға асығады. Таңдауын дұрыс жасай алғандар белгілі бір саланың білікті маманы атанып, өз ортасында абыройлы тұлғаға айналады. Адамның өмір сүру процесіндегі негізгі мақсат та осы.
Әр адам әр түрлі армандайды. Армандау – адамның фантазиясын дамытып, тың дүниелердің жарыққа шығуына себепкер болады. "Армансыз адам – ормансыз бұлбұл" деп те айтып жатады. Сондықтан, қиял тізгініне ерік беріп, елде жоқ ерекше дүниені армандаудан тартынбаңыз. Адамның қолы жетпеген жерге, қиялы жетеді.
Адам ойының шапшаңдығы мен керемет фантазияны талап ететін мамандық – журналистика. Журналист адам – билік пен бұқараның арасындағы көпір деп жатады. Жалпылап, журналисті көпір деп алсақ, көпіріп сөйлегеннің бәрін журналис деу ағаттық. Тілшінің тілге тиек етері, халықтың қамы үшін болуы керек. Десек те, халықтың қамын жеймін деп, нанын жеп жүргендер қаншама?! Қоғамдағы осындай бетперделердің былығын әшкерелеу журналис міндеттерінің қатарында.
Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады. Адам өзінің сүйетін жұмысымен шұғылданса, сол жұмысты махаббатпен атқарса көңілі тоқ жүреді. Ал, осы сүйікті жұмысымен, онымен қоса ақша табатын болса қажудың орнына ерекше рахаттанады. Алуан-алуан кәсіп бар, таңдай біл де, талап қыл. Тек сен таңдаған мамандық, басқаға жамандық әкелмесе болғаны.
Дайындаған: Аслан Қажиев
Massaget