Құтқарушы болам десеңіз

Құтқарушы болам десеңіз
Фото: envato.com

Өскенде полиция қызметкері, не өрт сөндіруші болғысы келетін жас өрендер аз емес. Өйткені бала үшін өзге жанға көмектесу, оны өлім аузынан құтқарудан асқан ұлы іс жоқ. Шынына келгенде  солай. Өмірінде алғаш рет кездестіріп тұрған жан үшін өз өмірін қатерге тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Құтқарушылар көмек қолын созатын бірден-бір жандар. Олар қызметі бойынша арнайы білім алады. Бүгін назарға Қазақстандағы қай жоғары оқу орындарында бұл сала бойынша білім алуға болатынын айтатын боламыз. 

Құтқарушының психофизиологиялық қасиеттері қандай болуы тиіс?
Құтқарушы қызметін атқарғанда әрдайым психологиялық соққының астында жүреді. Олардың бастапқы психологиялық денсаулығы өте маңызды. Соның ішінде өзін-өзі ұстай алу, тұрақтылық, төзімділік, кез келген нәрсеге назар аудару, байқампаздық қасиеттері өте маңызды. 

Сонымен қатар, құтқарушы қызметі адамның жеке қасиеттерінің ішінде тәртіпке бағына білуі, жинақылық, жауапкершілік, жылдам бейімделу және ептілігіне де мән береді. 

Жоғары оқу орнында білім алу кезінде құтқарушы мына дағдылар бойынша білім алады. Олар негізгі нормативтік-техникалық құқықтық құжаттардан тұрады. Зардап шеккендердің жағдайын анықтау тәртібі, суға батып кеткен және өзге де төтенше апатты жағдайда алғашқы көмек көрсету, қауіпсіздік шаралары және су тасқыны, қар көшкіні, дауылды апаттар болған жағдайда зардап шеккендерді эвакуациялау ережелері, суға түскен жағдайда адамның психлогиялық ерекшеліктері бойынша құтқарушының тиісті білімі болуы керек. Құтқарушы апатты жағдайлардың салдарларын жою, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану, хал үстінде жатқан адамдарға алғашқы көмек көрсету, оларды тасымалдау тәсілдерін меңгеру, төтенше жағдайды бағдарлау, төтенше жағдай ауданына барлау жүргізу бойынша арнайы біліктілігі және дағдылар кешенін меңгеруі міндетті.

Қандай жағдайда құтқарушы мамандығын игере алмайды?
Құтқарушы ретінде мынадай денсаулық ақаулары бар адам жұмыс істей алмайды: жүрек-қан тамырлары аурулары, сіңірі тартылумен, естен танумен байланысты аурулар, есірткі және алкогольге тәуелділік, есту және көру қабілеттерінің бұзылуы, қимыл үйлесімінің бұзылуы, вестибулярлық бұзылу, тепе-теңдік сезімінің бұзылуы,  судан қорқу, түрлі аллергиялар, дерматиттер, тыныс алу  органдары аурулары құтқарушы қызметіне кедергі келтіреді. 

Қазақстанда қай университеттерде құтқарушы мамандығын игеруге болады?
Қазақстанда бірнеше жоғары оқу орындарында құтқарушы, өрт сөндіруші сынды мамандықтарды игеру мүмкіндігі бар. Тізімге мына оқу орындары жатады: 
⟶ Қ. И. Сəтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу Университет
⟶ Алматы байланыс және энергетика университеті
⟶ Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті
⟶ С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті
⟶ Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті
⟶ Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті
⟶ Қазақ ұлттық аграрлық университеті
⟶ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
⟶ Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті
⟶ Қарағанды ​​мемлекеттік индустриалды университеті
⟶ Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
⟶ Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
⟶ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институты
⟶ А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті
⟶ Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматттық Қорғау академиясы

Қазақстанда құтқарушыларға деген сұраныс жоғары, сәйкесінше жеткіліксіз. Мысалы, bagdar.kz мамандықтарға бағыттау сайты әр елді-мекенде құтқарушылардың қажеттілігі жөнінде болжам жасаған. 

Құтқарушы – жауапкершілігі мол қызмет түрі. Кей адамдар бірнеше жыл қызметтен кейін психологиялық көмек алады. Өйткені барлық адамды апаттан аман алып қалу мүмкін емес. Сондықтан бұл қадамға байыппен ойланып барып, шешім қабылдау керек. Іске сәт, жас түлек!

Т. Есқали