Баласы оқуға түсе алмаған ананың әңгімесі

Менің қызым сабағын айтқызбай-ақ оқып, барлығына өзі жауапкершілікпен қарайтын. Сондықтан ҰБТ мәселесі де мені аса алаңдатқан жоқ. 11-сыныпқа көшкенше баламның сабағын бір қараған емеспін, жеке өмірімде ажырасу, көшу секілді мәселелер болды. Ал қызымыз осы жағдайдың барлығында психолог көмегіне де жүгінбей, сабағын да қалдырмай алып жүрді. 11-сыныпқа келгенде сабағына қарамайсыздар деп мұғалімдер бізге кінә арта бастады, мен өзі оқитын балаға мұның қажеті де жоқ деп ойладым. Ал қызым осы сәттен бастап алатын бағалары үшін уайымдай бастады. Мен оны тыныштандыруға тырысып, неше алсаң да бәрібір, ҰБТ үшін жаныңды салудың қажеті жоқ екенін айттым. Қызым онсызда қалжырап кетті, қосымша сабақтармен одан сайын қинағым келген жоқ. Қыс келгенде жүйкесі сыр беріп, ауырып қалды, ұзақ емделуге тура келді.

"Мазамды алмаңдар"

Дайындықты 2-3 жыл бұрын бастау керегін енді түсіндім. 11-сыныпқа келгенде ол иллюстратор болғысы келетінін айтты. Ол үшін тек математика мен оқу сауаттылығынан тест тапсыруға дайындалатын көрінеді. Сурет салу қолынан келеді, енді еш қиындық жоқ деп ойладым. Сөйтсем, ол үшін бір жыл бойы иллюстрацияға қатысты жасаған жұмыстарыңды портфельге жинап дайындау қажет екен. Ол туралы тіпті ойыма келмепті. Қажетті оқу орындарын іздеуді сынақ аяқталған соң, жазда бір-ақ бастадық. Бәрібір бір айда портфолио жинап үлгермейтінімізді білген соң, басқа оқу орындарын қарастырдық, барлығы қымбат болып шықты. Отбасы мүшелерінің барлығы кірісіп, қызымызды қалайда бір оқу орнына іліктіріп, тым құрығанда колледжге оқуға түсіру керек деп шештік. Үш жыл шыдаса, әйтеуір бір диплом алып шығады, содан кейін де қалаған оқуына түссе болады. Бір кезде қызым соңғы жауабын айтты: «Жоқ!», осылай бұл жылы еш оқу орнына тапсырмайтын болып шешті. Біз оған әлі де әртүрлі варианттар ұсынып әлекпіз, ол: «Ешқайсысың мазамды алмаңдар», – деп жылап жіберді. Біз осылай оның шешімін құптаудан басқа амалымыз қалмай, бір жыл жақсылап жемалып, содан соң өзі қалаған оқуға тапсыруына келісім бердік.

"Оқуға түскенімен, ары қарай алып кете алмайды"

Біз осыған дейін бірнеше оқу орнының есігін қақтық. Бір ЖОО оқытушысы "Баланың дарыны бар, егер шын қаласа оқуға түсіп те кетеді" деді. Ал қызым шығып кеткен соң кемінде үш жыл дайындық керек екенін, бар күшін салып дайындалып, оқуға түскен күннің өзінде ары қарай оқи алмай шығып қалатынын айтты.

Оны емдеген дәрігер де осындай депрессиядан кейін қысқа уақыт ішінде қалпына келуі қиын екенін ескертті.

"Бастысы, кім болғың келетінін нақты білесің"

Мен өзім атақты ЖОО бітірдім. Қызым секілді емес, қандай мамандық болса да, осы ЖОО-ға түссем болды деп армандадым. Ата-анам да мені қолдап, бастысы түссең болды деді. Өмір бойы тарихқа, әдебиетке, шет тіліне қызықтым, ал өзім геологиялық факультетті тәмамдап шықтым. Ал менің қызым болса, өз жүрек қалауын нақты біледі. Сурет салудың ішінде де қайсысы өзіне сәйкес екенін анықтап алған. Қай ЖОО болса да, сол мамандықты іздейді. Басқаларын қаламайды.

Осылай бітірген соң өзімнің кім болатынымды білмей дал болдым. Міне, енді қызыма да дер кезінде көмектесе алмағаныма бармағымды тістеп отырмын. Оның қатарластарының барлығы оқуға түсті, өзара осы тақырыпта ғана сөйлеседі. Ал менің қызым ешқайда түсе алмады. Есесіне ол өзінің кім болғысы келетінін нақты біледі.

"Қызым аула сыпырушы болса да ризамын"

Қызым бір жылдық жоспарын жасап қойды. Дайындық курстарына кешкісін барады. Күндіз жұмыс істеуге бос уақыты бар. Егер ол иллюстраторлықты хобби ретінде алып жүріп, балабақшада тәрбиеші болса да, тіпті аула сыпырушы болса да арланбас едім. Осы жылы ол өзі қалаған салада жұмыс істеу қандай болатынын түсінгенін қалаймын. Тапсырыс түскен кезде өз қалауыңдағы бейнені емес, жұмыс кестесыне сай суретті салуың керек. Әр мамандықтың өз атмосферасы, өз ережесі, өз мүмкіндігі және өз кемшіліг болады. Ол осыны толық түсінсе деймін. Маған оның кім болғаны еш маңызды емес, ең бастысы айналысатын ісі өзіне ұнаса болды. Себебі өзім ұнамайтын жұмысқа тәулігіне 10 сағат, аптасына 50 сағатымды жұмсаймын, балаларым да осындай қателікті қайталамаса екен. Көптеген ата-ана оған төзе алмауы мүмкін, алайда аула тазалаушының да өз миссиясы бар. Еңбектеніп ақша тауып жүр, тұрып жатқан жерінің тазалығын қамтамасыз етеді.

Мынадай езутартар бар еді ғой. Құрылысшыдан не істеп жүрсің деп сұраса, бірі: "Шұңқыр қазып жүрмін" дейді, бірі: "Қамал тұрғызып жатырмын" дейді. Сол сияқты бір жұмысты кім қалай қабылдайтынына байланысты.

Сөз соңы

Қызым емтиханды сәтті тапсыра ма, тапсыра алмай ма, оқуға түсе ме, жоқ па – қандай жағдай болса да, оны жақсы көріп, әрдайым қолдап отыратынымызды айтамыз. Ол бұл тақырып төңірегінде кез келген уақытта бізге ойын ашық айтып, қажет болса айқайлап, жылап та алуына болады. Қызым сабасына түсіп, осы жылды барынша пайдалы өткізетін боп шешті.