Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды
Фото: zerkalo-gazeta.com

Бүгін Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Биыл 15-ші рет өтетін тестілеу жүйесі жас түлектердің Жоғарғы оқу орындарына түсуіне жол ашады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Тест сынағының базасы осы жылы 50%-ға жаңартылған. ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Былтырғыдай өткізіледі. Тест сұрақтары мен берілетін уақыт та сол қалпында қалды. 187 ҰБТ өткізу пунктінде өтеді. Барлық тест сұрақтарының саны – 120, максималды бал – 140. Шекті бал – 50, Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін 65 бал жинау қажет.

Биыл ҰБТ тапсыруға 102 442 түлек өтініш берген. Бұл жалпы мектеп бітірушілердің 70 %-н құрайды екен. Оның ішінде қазақ тілінде – 77 222 түлек, орыс тілінде – 25 174 мектеп бітіруші тест тапсырады. Биылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы – алғаш рет ағылшын тілінде де тест тапсыруға болады. Оған 200-ден астам түлек өтініш берген көрінеді. Оларға да кәдуілгі сұрақтар беріледі. Ағылшын тілінде тапсырғаны үшін жеңілдік берілмейді.

Оқу грантын бөлгенде "Алтын белгі" иегерлеріне тек бір ғана басымдық беріледі. Ол - ҰБТ нәтижесі бойынша балл саны бірдей болып, бір орынға бірнеше үміткер таласқан жағдайда ғана "Алтын белгі" иегері ескеріледі. Биыл мектеп бітіруші түлектерге арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. 

Айта кетейік, биыл техникалық мамандықтарға бөлінген гранттар саны артқан. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев наурыз айында "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуінде техникалық салаға баса көңіл бөлуді айта кеткен болатын. Сонымен 2018-2019 оқу жылына жоғары білімі бар мамандарды даярлауға 53 594 грант, магистр мамандарды дайындауға – 12 504, PhD докторларын даярлауға 2 240 грант бөлінген.

Н. Үсенова