ҰБТ – ең ауыр сынақ деп ойлайсыз ба?

Маужыраған мамыр бітіп, мәуелі маусым келді. Бұл ай бәріне бірдей жаз көңілін сыйлағанымен, мектеп бітіруші түлектер үшін ең ауыр ай. Себебі еліміздегі жастар дәл осы айдың басында немесе соңына қарай ҰБТ тапсырады. Бір сөзбен айтқанда, бұл – олар үшін өмірдегі ең маңызды сынақ.

Шындығында ҰБТ өміріңіздегі ең үлкен сынақ деп ойлайсыз ба? Жоқ!

Ұлттық біріңғай тестілеу тек бір сәттік өкініш пен үміт қана. Жеңіске жетсеңіз ЖОО-ға түсіп, біліміңізді ары қарай жалғастырып студент атанасыз. Ал жеңілсеңіз бір жыл күтіп, он бір жыл бойы өтілмеген сабақтарды қайта пысықтайсыз. Енді қызығы жоғары оқу орнына түсіп студент атанған түлек түспей қалған оқушыдан да бетер қиналады.

ҰБТ-дан да күрделі сынақ университет қабырғасында күтіп тұр. Ол – сессия!

Он бірінші сыныпты бітіріп, емтихан тапсырған кезде сізде тек «түссем» немесе «түсе алам ба» деген ой болады. Ал сессиядан өтпей қалсаңыз басыңыз ауырады. Бастың сақинасын оятатын сіздің ай сайын алатын  шәкіртақыңыз. Егер құласаңыз ай сайынғы шәкіртақыдан қағыласыз. Алғашқы алты ай бойына алып үйреніп қалған ақша бір сәтте жоқ болып кетсе, ҰБТ ойыншық болып қалады.

Ең ауыры сессиядан құлап қана қоймай, мүлде тапсыра алмай жазғы семестрде қайта оқуға қалу. Бұл ендігі рухани күйзелістен бұрын, қып-қызыл шығын. Сіз шәкіртақыдан да айрыласыз әрі университетке қалған жазғы оқуыңыз үшін көп ақша төлейсіз.

Құрметті жас түлек, ҰБТ деген ұғымды қорғасындай ауыр салмақпен қабылдағаннан гөрі, түсіп кетемін деген сеніммен келіңіз және әрі қарай қандай амал жасаймын дегенді ойлаңыз. Өйткені университет – мектеп емес.