Арманыңыздағы жұмысқа тұру үшін креативті ойлаңыз

Арманыңыздағы жұмысқа тұру үшін креативті ойлаңыз
Фото: marasinews.com

Жұмысқа қабылданар сәтте жазылатын түйіндемеден «креативті ойлайды» деген тармақты жиі кездестіреміз. Алайда көпшілік бұл ұғымды жай ғана жаттанды сөз ретінде қабылдайды. Жазылғанға лайық болу үшін адам тың ойлау қабілетін үнемі жаттықтырып, жетілдіріп отыруы тиіс.

1. Зат есімнен құралған сөз ойлаңыз. Осы сөзге сәйкес «қандай?» деген сұраққа жауап беретін 5 сын есім еске түсіріңіз. Мысалы «алма» – қызыл, тәтті, қышқыл, піспеген, құрт түскен. Енді бастауыш сыныпта өткен «қырық өтірікті» еске алып, кідірместен ойлаған сөзіңізге сәйкес келмейтін 5 сын есім табыңыз. Бұл тапсырманың қызығы осы – көп ойланып бөгелмеу керек.

2. Түсіндірме сөздікті қолға алып, ең бірінші көзге түскен екі сөзді таңдаңыз. Екеуі екі беттен таңдалғаны дұрыс. Енді осы сөздерден байланыс іздеңіз. Екі сөзді қатыстырып, ешкімнің басына келмейтін оқиғаны ойдан құрастырыңыз. Бұл миды өте жақсы жаттықтырады.

3. Таза қағаз бен қалам алыңыз, үйдің суретін саламыз. Ол үшін алдымен он сөз ойлаңыз. Енді елестетіңіз, сіз архитекторсыз, тапсырыс беруші үйдің бөлшектері осы он сөзге қатысты болуын міндеттеді. Мысалы, «банан» – үйдің түсі сары болуы тиіс, «кітап» - терезелер төртбұрышты, «жапырақ» – шатыры жасыл түсті. Осылай ойлаған сөздеріңізге байланысы бар үй жасаңыз.

4. Ал енді өмірде жоқ жаратылыстың суретін салыңыз. Құс секілді қанаты бар, балық тәрізді құйрығы бар, аю сияқты құлағы бар сурет шығуы мүмкін. Оның әдемі, мінсіз салынуы міндетті емес, бастысы, миды іске қосып, креативтілікпен салынуы шарт.

5. Әрдайым өзіңізге қызықты көрінген нәрсеге атау ойлап табыңыз. Ол қысқа не шұбалыңқы болуы маңызды емес, бастысы, затына сай әрі өзіңізге ұнайтын болуы тиіс. Жаттығуларды күніне бірнеше рет қайталаңыз, міндетті түрде шығармашылық тұлға боп қалыптасасыз.

@. @assel_assanova