Мамандықтың бәрі жақсы: Редактор

Мамандықтың бәрі жақсы: Редактор
Фото: massaget.kz

Редактор сөзі ағылшын тілінен аударғанда, өңдеуші, түзетуші деген мағынаға ие. Редактор – мәтінді әдеби тілдің нормаларына сай етіп, стильдік қалыпқа түсіріп, басылымның мақсаты мен сипатына сәйкестендіріп өңдеуші тұлға.

Қазіргі кезде редакторлар телевизияда, баспада, газетте, сайтта қызмет етеді. Аталған редакторлар қызметі ұқсас болғанымен, әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі бар.

Телевизиядағы, радиодағы редактор бағдарламаның толыққанды олқылықсыз шығуына жауап береді. Соңғы кезде ток-шоу секілді бағадарламаларда қонақ шақырып, көрсетілімді, шығарылымды ұйымдастырушыларды да редактор деп атап жүр.

Баспадағы редактор кітаптың не кез келген баспа өнімінің қолжазба күйінде түскен кезеңінен басылып шыққанға дейінгі үдерістерді атқарады. Баспада үш редактор болады:

Көркемдеуші редактор кітаптың мазмұнына сай мұқаба жасап, ішкі-сыртқы безендірілуімен, иллюстрацияларды орналастырумен айналысады.

Техникалық редактор мәтіннің сыртқы сипатын, графикалық элементтердің (кесте, диаграмма, сурет) мәтінге сай орналасуын қадағалайды.

Әдеби редактор мойнына ең үлкен жауапкершілік жүтеледі. Ол баспаға келіп түскен қолжазабамен бастан-аяқ танысады. Алып-қосары болса, кеткен қателіктер болса, автормен келісе отырып өзгертулер енгізеді. Түзету барысында мейлінше автордың стилін бұзбауға тырысады. Шығармаға автордан бетер жанашыр бұл тұлға мәтінді толығымен қайта жазып шығуға құқылы. Бірақ автор келіспейтін тұстарын өзгеріссіз қалдырады.

Газет пен сайттағы редакторлар қызметі ұқсас. Мақала мәтініне тақырыбы, суреті сай ма, техникалық жаңсақтыққа жол берілмеген бе, тақырып жан-жақты ашылған ба, ондағы фактілер нақты ма – осының барлығы редактор құзырынан өтеді.

Редактор өзгенің қателігін жөндеу үшін өзі жақсы жаза білуі тиіс. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырату үшін көреген көз, кемеңгер ой керек. Қажымас қажырлылық, сарқылмас сабыр, сауысқандай сақтық, құмырсқадай еңбекқорлық қажет ететін бұл іспен кезінде Ахмет Байтұрсынов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза секілді Алаш арыстары айналысқан.

Беделі биік, жуапкершілігі жоғары мамандық иесі атанғыңыз келсе, кез келген пән таңдап журналистика факультетіне, баспа ісі мамандығына түсіңіз. Әдебиет пәнін таңдап, қазақ филологиясы, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын оқыған адам да қабілеті мен қарымына қарай редактор қызметін атқара алады.

@. @assel_assanova