ЖОО-да алдымыздан шығатын беймәлім сөздер

ЖОО-да алдымыздан шығатын беймәлім сөздер
Фото: zihesabiha.mefa.ir

Мектеппен қоштасып жоғары оқу орнының табалдырығын аттаған соң бізге  аты таныс, заты бейтаныс көптеген сөз кездеседі. Уақыт өте келе ол сөздерге де етіміз үйреніп, сөздік қорымызға күнделікті қолданатын сөз ретінде кіреді.

СӨЖ (СРС) – студенттің өзіндік жұмысы – студентке апта сайын не белгіленген уақыт аралығында оқытушы беретін тапсырма. Ол өткен тақырыптар негізінде беріледі. Презентация, баяндама, реферат, эссе, баспасөз материалы негізінде дайындалған папка, аналитикалық шолу, видеотүсірілім, т.б. түрінде тапсырылады. Оқытушы тапсырған не өзіңіз қалаған түрін таңдап, үйден дайындап, қорғайсыз.

СОӨЖ (СРСП) – студенттің оқытушымен өзіндік жұмысы – бұл да СӨЖ-ге ұқсас болып келеді, айырмашылығы аудиторияда мұғаліммен бірге атқарылады.

Зертханалық сабақ не семинар – дәрістен алған тәлімді шыңдау, теорияны тәжірибемен ұштастыру. Жасаған СӨЖ-ді қорғауға осы сабақта уақыт беріледі.

Дәріс – әр пәннің оқытушысы белгілі бір тақырып аясында дайындаған материалы. Оқытушы апта сайын дәріс оқиды, ол дәрісте сіз білуге тиіс нәрсенің аздаған бөлігі ғана қамтылады. Себебі оқытушы сізге жай ғана бағыт-бағдар беруші. Басқа ілімді өзіңіз ізденіп алуға тиіссіз. Дәрісті тыңдау-тыңдамау, жазу-жазбау өз еркіңізде. Бірақ дәріске жай ғана қатысқандарға да балл қоятын оқытушылар бар. Диктант секілді сөзбе-сөз жазу міндетті емес, қажетті деген жеріңізді түртіп алып отыру өзіңізге пайда әкеледі.

Конспект – ұзыннан ұзақ шығарманың қысқаша мазмұны. Ақпарат есіңізде жақсы сақталуы үшін және емтиханға дайындық кезінде мәліметтерге оңай қол жеткізу үшін оқығаныңыздың қысқаша мазмұнын жаза отырып, жанына өз ойыңызды, түйгеніңізді де түрте кетсеңіз құба-құп.

Силлабус – пәннің оқу жоспары. Онда оқытушының студентке қояр талаптары, пәннің мақсаты мен міндеті, тапсырма берілу, қабылдану тәртібі мен уақыты, бағалау критериі, ұсынылатын әдебиеттер тізімі жазылады.

Жазғы семестр – студент сессиядан екілік баға алған жағдайда сол пәнді жаз мезгілінде қайта оқиды. Әр пәннің кредит саны болады. Мысалы бір кредит 15000 теңге болса, бір пән 3 кредиттен тұрса, 45000 теңге төлеп, сол пәнді қайтадан бір ай оқып, тағы емтихан тапсырады. Емтиханнан жақсы баға алмайынша келесі курсқа өткізілмейді.

Ордер – жатақхана алу жөніндегі рұқсат қағаз.

@. @assel_assanova