ЖОО-да бағалау жүйесі қандай?

ЖОО-да бағалау жүйесі қандай?
Фото: Досжан Балабекұлы

Жоғары оқу орнының көпшілігінде білім сапасы кредиттік жүйемен есептеледі. Бұл жүйе шетелдегі жоғары оқу орындарына кедергісіз ауысуға мүмкіндік береді. Балл қойылу, баға есептеу жүйесін қарапайым тілмен былай түсіндіруге болады.

Қыркүйектен желтоқсанға дейінгі оқу кезеңі 1 семестр болып есептеледі. Семестр аяғында оқыған барлық пәндеріңіз бойынша емтихан тапсырасыз. Ол сессия деп аталады. Сессия қалай өтетіні жөнінде жақында толығырақ жазамыз. Тыңдаған дәрістеріңіз бен жазған өзіндік жұмыстарыңыз – емтиханға дайындықтың бастауы. Әр дәрісті мұқият тыңдап, тапсырмаларды дер кезінде орындап жүрсеңіз, сессия кезінде аса қинала қоймайсыз, басқалар қағаз қиып, шпаргалка дайындап жатқанда сізге білетініңізді қайталап алуға аз уақыт жеткілікті болады.

Бір семестрде 15 апта оқисыз. Семестрдің ортасына жеткенде, 7 аптадан соң аралық бақылау болады. Бұл кей оқу орындарында «рейтинг» деп аталады. Аралық бақылауда оқытушы берген арнайы тапсырмалар орындалады. Мысалы, шағын емтихан түрінде не белгілі тақырып төңірегінде сұрақтар қою арқылы, т.б. тәсілдер арқылы өткізіледі. Осы 7 апта ішінде 100 балл жинап үлгеруіңіз керек. Кей оқу орнында 7 аптада максималды 30 балл алуыңыз керек. Екінші аралық бақылаудан 30, сессиядан 40, барлығын қосқанда 100 балл шығады.

Әр оқытушының бағалау тәсілі әр түрлі. Мысалы, аралық бақылауға 30 балл, әр өзіндік жұмысқа – 10 балл деген секілді оқытушы өзі (кейде студенттермен келісе отырып) бекітетін бағалау жүйесі болады. Дәріске қатысқан студентке де 2-3 балдан қоятын оқытушылар бар. Ал бір пәннің дәрісінен бір оқытушы, зертханалық сабағынан басқа оқытушы сабақ өтетін болса, екі оқытушы өзара келісіп, қоятын баллды бөліп алады.

Белгіленген көрсеткіш бойынша әр аптада максималды балл алып  үлгеруге тырысыңыз. Бір аптада сабақтан қалып, не тапсырма орындамай немесе топтағы студенттердің көптігінен мұғалім сізден сұрап үлгермей қалса, мұғалімге жеке жолығып, жетпеген балды қалай толықтыруға болатынын сұрап, қосымша тапсырма алыңыз. Әйтпесе, келесі апта белгіленген 10 балдан артық қойылмай қалуы мүмкін. Бір аптадағы 10 балдан қағылсаңыз, сізге бестік жоқ деген сөз.

7 апта аяқталып, бір аралық бақылаудың қорытындысы шыққанда алған балыңыз әріптік көрсеткішпен есептеледі.

А         4,0      95-100

А-        3,67   90-94           

 В+      3,33   85-89

В         3,0      80-84           

В-        2,67   75-79           

С+       2,33   70-74           

С         2,0      65-69           

С-        1,67   60-64           

D+      1,33   55-59           

D         1,0      50-54           

F          0         0-49

(Әріптік көрсеткіш, GPA, балл)

«А» - бестік, «В» - төрттік, «С» - үштік, «D» - екілік баға алған болып саналынады. Үштік баға алсаңыз, келесі семестр барлық сабақтан 4 пен 5 алмайынша шәкіртақыңыз уақытша кесіледі. Ал екілік – гранттан құлаған студенттің бағасы. 70 және одан төмен ұпай алсаңыз, жазғы семестрге қаласыз. Бұл туралы келесі материалдарда жазамыз.

Жалғасы бар...

@. @assel_assanova