ҰБТ: Аттестатқа тестілеудің ғана бағасы қойылмайтын болды

ҰБТ: Аттестатқа тестілеудің ғана бағасы қойылмайтын болды
Фото: tn.kz

Қазақстанда мектеп түлектерінің біліміне қорытынды баға беру жүйесі қайта қаралады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.

Порталдың мәліметінше, биылдан бастап ҰБТ қорытындысы бойынша баға беру жүйесі түбегейлі өзгереді. Енді аттестатқа тестілеуден алынған балл емес, жыл бойғы баға мен ҰБТ балының арасындағы орташа баға қойылады.

"Қазақстандық мектептердің түлектері бірнеше жылдан бері ұлттық тестілеудің бағалау жүйесінің салдарынан қиналып келді. Бұл нормаға сәйкес, оқушы 11 жыл бойы, мысалы тарих пәнінен бес алып келсе, емтиханнан жеткіліксіз балл алғаны үшін аттестатқа төрт қойылатын. 2015 жылы Білім және ғылым министрлігі мұндай жүйеден бас тартуды ұйғарды", - делінген хабарламада.

Шенеуніктер білімге дұрыс баға беру үшін тестілеудің қорытындысын ғана емес, жылдар бойғы білім көрсеткішін де ескеру жөн болады деген шешімге келіпті. Сәуірдің аяғында еліміздің бас ұстазы Аслан Сәрінжіпов ҰБТ өткізудің ережелеріне өзгеріс енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Ведомствоның мәліметінше, бұл құжат мамыр айының ортасында ақпарат құралдарында жарияланады. 

Алайда, "Алтын белгі" үміткерлеріне арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі жаңа стандарттың оларға қатысы жоқ. Мамандардың сөзіне қарағанда, тек бестікке оқитындарға қатысты стандарттарға ешқандай өзгерту енгізілмеген, демек олардың аттестаттарына ҰБТ-да алынған баға қойылады.

М. Бисембаева