- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Жасөспірім өмірін неге...
Жасөспірім өмірін неге қиды?
Мұғалім мен жасөспірім арасындағы түсініспеушіліктің бір себебі оқытудағы өктем тәсілде жатыр. Әр адамның туғанынан жаратылысы бөлек, өзіне ғана тән мінез табиғаты бар екенін мойындамаудан, одан қалай да қолайлы адам "жасап шығаруға" ұмтылудан туындайды.
Қаны қарайған адамдар
Қазақ өзіне-өзі қол салған адамды "қаны қарайған" дейді. Осы күндері қан өткізіп жатқан адамдардың шыны түтікшелеріне қарасаң, әлгі түтікшелердің ішінде қара қошқылданып, түтіккен біреу тұрғандай денең түршігеді. Биохимиялық зерттеулердің дәлелдеуінше, адам қорыққанда, белгісіз қауіптен сақтанып уайымдағанда, адреналин гормоны бөлініп шығады екен. Тұрмыс-тіршілігі уайымға толы қазіргі адамдардың қанының қараюы осы гормонның көптеп бөлінуінен шығар.
Есептеу мәліметтері бойынша, соңғы үш жылда біздің еліміздің адамдарының орташа жасы екі жылға төмендеп кеткен. Өмірінің ұзақтығы жағынан дүние жүзінде елуінші орында тұр екенбіз.
Ағылшын жазушысы Дейв Оллистің 60 жылдары шыққан "Сүйгендер ғана аман қалды" романында мұғалім Оливер былай депті: "Адамды уысында ұстайтын әлеуметтік фактордың қысымы қаншалықты зілді болса, соншалықты адамды өзін-өзі өлтіруге мәжбүр етеді". Үлкен мемлекеттің жүйесі шағын отбасының кішкентай тірлігіне ұқсас. Отағасы үйінде қатал болып, бала-шағасының пікірімен санаспайтын болса, ол үйдің балалары жасынан жүйке ауруына ұшырайды. Кешеге дейін өмір сүріп келген қатал әміршіл, отаршыл мемлекетіміздің іс-әрекеттерінің салдары да бүгінгі ұрпаққа оңай тиген жоқ.
Абай тұсы - халықтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны, - деген ғой Сұлтанмахмұт "Қала ақыны мен дала ақынының айтысында". Қазір тіпті үлкен адамды қойып, жас балалардың өзін-өзі өлімге қиюы жиі кездеседі: әскерден келген жас жігіт көңілі кеткен қызын алуына әке-шешесі қарсылық білдіргенде, атылып өлген. Бір оқушыға мұғалім сабаққа дұрыс қатыспайтындығын айтып ұрысса, ол сол күні түстен кейін өзін-өзі атып тастаған. Ата-ана үшін баланың жаманы жоқ екенін де кім түсіндіреді оған.
Бұрын бұл тақырып жөнінде ашық айтуға болмайтындықтан, өзін өлімге қиған қыршындардың саны жарияланбайтын. Адамның өзін-өзі қатерге салуының себептерін ашып, одан құтқарудың жолдарымен айналысатын суицидологиялық жалғыз орталық соңғы жылдары ғана Мәскеуде ашылған болатын. Біздің республикада осындай мәселемен айналысатын кім барын білмейміз.
Әрине, ұлттың денсаулығы - экономикалық, қоғамдық жағдайларға байланысты үлкен мемлекеттік іс. Өркениетті елдерде, мысалы, Вашингтонда, өз азаматтарының қартаю мәселесін зерттеуге арналған Ұлттық институт та бар. Енді осы жағдайға жастарға жақын жүретін ұстаздар, біздердің қандай септігіміз болар екен, соған келейік.
1988 жылы қараша айында Арқалық жағынан мынандай бір оқиғаны естідім: "Үйде жиналған бір топ адамның ішінде бір жас жігіт домбырамен өлең әуелетіп отырды. Өнерге құмар адамның көзінде бір ерекшелік болады ғой, ақ құбаша келген бір әйелден ауылдың алты ауызын айтуды өтіндім. Ол кісі екі оттың ортасына түскендей қиналды. Өнерге деген құмарлықтың сөнген шоқтары жылт еткендей бетінің ұшы қызара қалды да, сәлден соң басылып, аурушаң дауыспен: "Қарағым, өтірік айтып не қылайын, кезінде өлең айтқаным рас. Былтырдан бері басыма бір қайғы түсіп... қалды ғой бәрі де. Кейін жағдайымды өзіңе айтып беремін", - деді. Қасымдағы бір әйел: "Бұл кісінің баласы қаза болған", - деп сыбыр етті. Алдында домбырамен өлең айтып отырған ұзын бойлы аққұба жігіт анасына тартып өлеңші болған осы кісінің үлкен ұлы екен.
Ертесінде үйінде оңаша отырып, әңгімесін естідік. Алдымызға бірнеше сурет кітаптарын қойды. Ішінде: штанга көтеріп жатқан, гитара тартып отырған, итін құшақтаған бір сүйкімді жасөспірімнің суреттері. Суретке қарап: "Жанғалы тұрған бала екен", - дейсің. Анасы айтты:
- Спортпен шұғылданушы еді. Қораның ішіне кіріп алып, ауыр темірін көтеріп кеп жататын. Сабағы жақсы, кләсіндегі баланың алды еді. Өзі мейірімді, мына бір итін сондай жақсы көріп, сипап күтетін. Білмедік не болғанын, осы балам мамыр айында асылып өлді...
Итін мойнына құшақтап, бізге қарап мәз болып күліп тұрған сүйкімді жасөспірімнің суретіне аянышпен тағы үңілдік.
- Жылап, жылап, жасым да суалған, - деді анасы тағы да. Баланың қайғысынан ауыр не бар? Қалай жұбатарымызды білмей, отырып қалдық. Сөзді өзі жалғады:
- Таңертең-кешке ұсақ малды айдап салып, қамап, өзі иелік жасайтын. Шайға кешіккен соң, қораға барып қарасақ, мойнынан асылып тұр екен, жаны шығып кетіпті.
- Себебін білдіңіздер ме?
- Ешқандай біле алмадық... Оқуында да, үйде де кінә тағатын бала емес еді. Әкесі өлген соң, соған қайғырды ма, білмеймін. Мілиса әрі-бері тексеріп, түк таппапты.
Ана орнынан тұрып барып, бір қуыстан тұмардай ғып түйіп тастаған, шүберекке ораулы бір қағазды алып берді.
- Қалтасынан шыққан соңғы хаты мынау.
Біз бала қолымен жазылған соңғы хатты дірілдей оқи бастадық:
«Апа, алтын апам менің! Қош болыңыз, кіналамаңыз. Мен, міне, осындай жағдайға душар болдым. Амал жоқ. Мағынасыз тәуекелге бел буып отырмын. Менің қағазымды ешкімнен көре көрмеңіз. Бұған ешкім де кінәлі емес. Ешкімді қарғамаңыз да, сөкпеңіз, апатайым. Қайтейін, мен осылай болдым. Ақ сүтіңізді өтей алмай кетіп барам. Кешіріңіз мені. Ерте кеттім демеймін. Бәрібір мен бұлай жүре алар емеспін. Тірі күйік болдым.
Аялап, әлпештеп өсірдіңіз. Қатарымнан кем қылмадыңыз. «Өлген артынан өлмек жоқ» деген. Мықты болыңыз. Сіздің әлі көретін қызығыңыз жетеді. Қайғырмаңыз маған. Мен адам түсінбейтін жан болдым. Мені шіріген жұмыртқа деп білерсіз. Апа, мен түсімде әкемді көрдім. Өзгермеген, сол қалпы. Енді о дүниеде кездесермін әкеммен. Онда да жалғыз болмаспын. Қалай өсіріп, бағып қаққаныңызды айтармын. Риза болар әкем де. Апа, тағы айтамын. Менің өліміме ешкім де кінәлі емес, өзім кінәлімін. Мен мағынасыз өліммен кетіп барамын. Сөге көрмеңіздер. Сөкпеңіз жаман ініңізді, тәтелерім, бәрің де қош болыңыздар. Қарындасым Ғалия, сен оқуды жақсы оқы, апамды ренжітпе. Көке, сіз енді апамның сенерісіз. Жаман ініңіз, жалғыз ініңіз осылай болды, қош болыңыз. Сөкпеңіздер мені. 23 мамыр, 1985 жыл».
Хатты неше қайтара оқысақ та, байғұс баланың жарық дүниені қиып, өзі айтқандай «мағынасыз сапарға» тез аттанып кету себебін аңғара алмадық. Жас бала әке өлімінен кейін өзіне тым үлкен жауапкершілік артып, азғантай кемшілігін де орны толмас өкінішке айналдырудан, жасына лайық емес сол ауыртпалықтан жүйкесі тозды ма екен? Оқушыны тығырыққа алып келген жан-дүние өзгерісінің алғашқы қайшылықтарын, баланың ойындағы шағын «трагедияларды» дер кезінде тарқатып жібергенде, мұндай жағдайға жетпес пе еді деген өкініш келді ойымызға.
- Баланың бір түрлі болып өзгеріп жүргенін мұғалімі байқамап па? - деген сұрағымызға анасы:
- Мұғалім ештеңе айтқан жоқ, - деп жауап берді. Оқушының мінез-құлқындағы өзгерістерді түсінуге бір табан жақын тұрған адам мұғалімі еді, ол кісімен сөйлесудің реті келмеді...
Автор: қазақтың көрнекті ғалымы,
ф.ғ.д., профессор Алма Қыраубайқызы
Ұқсас жазбалар:
ҰБТ алдындағы қорқынышты жеңу үшін
ҰБТ-ны өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді
Қ. Бүйенбай