- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Массагет тілшілері ҰБТ-ны...
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #4
ҰБТ-ны Массагет тілшілерінің барлығы тапсырды. Сынақ болған күн артта қалса да, күні кеше аудиторияда дұрыс жауап таңдап, қолымыздан келгенше сыныптастардан көмегімізді аямаған немесе өзгеден көмек сұраған сәтіміз әлі есімізде.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға небары бірнеше ай қалды. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталады. Бұл – ҰБТ-ға дайындалу үдерісі тоқтайды деген сөз. Уақыттың аз қалғанын ойлаған сайын жүрегіңіз алып-ұшып, арасында күйзеліп те жүрген боларсыз. Сол себепті біздің айтарымыз сізге көмек болар деген ниетпен басымыздан өткен оқиғаларымызды баяндамақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Нұрбол Нұрмаханұлы.
Мен ҰБТ-ға 8 сыныптан бастап дайындала бастадым. Өйткені дәл сол уақытта аға буынның ҰБТ-ға дайындалып жүргендерін өз көзіммен көрген болатынмын. Араларында туған әпкем де болды. Оған арнап әрдайым ҰБТ-ға қажетті ақпарат жинап жүретінмін. Артынша әпкем қатысқан қосымша сабақтарға да барып жүрдім. Ақылшы әпкемнен қалған тестілерді жаттап, тақырып бойынша дайындалдым. Ең бірінші дайындаған пәнім тарих болатын.
Таңдау пәнімді тек 11 сынып оқып жүрген кезімде ғана анықтадым. Таңдау пәнін анықтау мәселесі үлкен қиындық тудырды. Ішкі түйсігіме сеніп Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы университеттің жалпы медицина мамандығына тапсырғым келді. Осылайша күнделікті биология пәніне зейін қойып дайындалып жүрдім. Отбасым бұл таңдауыма қарсы шықса да, 10 сыныпқа дейін алған бетімнен таймадым.
Енді бірде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері атанғым келді. Бұл ойымды жүзеге асыру үшін дүние жүзі тарихы пәнін таңдауым керек болды. Артынша өзгелердің нұсқауымен география пәнін таңдадым. Алайда сол пәнді жарытып оқымадым. Арада біраз уақыт өткен соң Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсыру үшін география, ағылшын пәндерін меңгеруім керек екендігін білдім. Сөйтіп ҰБТ-ға 4-5 ай қалған кезде ағылшын тілі пәнін оқуға кірістім.
ҰБТ болатын күні таңғы сағат алтыда мектепке барып, үлкен кісілердің батасын алдық. Бір-бірімізге ізгі тілектер айтып жаттық. Аудиторияға кіргенімде қатты қобалжыдым деп айта алмаймын. Әдеттегі сынама тестіде отырғандай болдым. Сол күні құдай қолдап, алаңсыз жүрдім. Айналамда қандай жағдай болмасын, сабыр сақтауға тырыстым.
Ұялы байланысты сөндіретін құралдар қойылып, тексеріс қатаң болды. Бір қызығы барлық оқушы өздерімен бірге «қару-жарақтарын» ала келген екен. Мен де солардың қатарында болдым. Арамызда шпаргалкамен ұсталып, шығып кеткендер де, дәретханаға барып, телефон пайдаланып үлгергендер де жоқ емес еді. Еш әрекетсіз отырғандардан «Не үшін отырсың?» деп сұраған кезде 20 минуттан кейін дұрыс жауап келетіндігін айтып жатқандар табылды. Кей білмейтін сұрағымды жанымда отырған оқушылардан сұрадым. Бұл әрекетімнің сәтсіз екенін артынша қорытынды жауап шыққан кезде білдім. Математика пәнінен көп есепті өзім шығарып, уақытымды шығындадым. Күмәнді деген сұрақтарды соңына қалдырып, жауап парағын белгілеуге кірістім. Арамызда тест жауаптарын алдын ала біліп, дайын жауап күтіп отырғандар болды.
Қорытындысы шыққан кезде естерін жия алмай бақыттан басы айналғандар, әттең-ай деп өкінетіндер де болды.
Жалпы 113 балл, орыс тілінің балын алып тастағанда 91 балл жинадым. Үнемі тарих пәнінен 24 балл ғана алатын едім, бұл жолы 25 алған екенмін. Мұның барлығын құдайдың берген сыйы деп білемін.
Әдетте сынама тестіде қанша алып жүрсек, ҰБТ-да да соның маңайындағы балды алады екенбіз.
Ең дайындалмадым деген пәнім орыс тілі болды. Өйткені ұстазымыз өте қатал болатын. Үнемі ережелерді жаттап келуімізді қадағалайтын. Мүлдем дайындалмадым десем, артық айтпаймын. Аллаға шүкір! Орыс тілі пәнінен де жақсы балл алдым. Яғни бар мәселе уақытта емес, аз уақытты тиімді жұмсай білетінімізде екенін айтқым келеді.
Жанымдағыларға мүмкіндігінше көмектесуге тырыстым. Әрине уақыт өте тапшы болды. Бір жағынан қобалжу бар, екінші жағынан есептің қиындығы бар дегендей. Ал гуманитарлық пәндердің жауабын білсеңіз болғаны, оны белгілеу үшін көп уақытыңыз кетпейді.
Өзгелер қиналып тұрған кезде өзімізді де олардың орнына қойып көруіміз керек. Сол кезде қандай әрекет жасау керектігін білетін боламыз.
Дәл ҰБТ болатын күні басқа пән таңдау ойымда болды. Бір шетінен ағылшын пәніне дайындала тұра биология пәнін таңдасам, қорытындым қалай болады екен деп ойладым. Мен үшін дәл сол сәтте, ең бастысы, «Алтын белгімді» ақтау болды. Мойнымда осы жауапкершілік болмағанда биология пәнін таңдайтын едім. Жасалмаған дүниенің барлығы жақсылыққа демекші, еш нәрсеге өкінбеймін. Әркім өзі сүйетін мамандықты таңдауы тиіс.
Қалаған мамандығыңыз бойынша ЖОО-ға түссеңіз, рахаттанып жүріп оқисыз. Әрине өзім сүйген мамандыққа түстім демеймін. Десе де осы салада жүріп алдына айқын мақсаттар қойып, соған жете білетін жандармен танысқаныма қуаныштымын. Кейде ағылшын тілін қосымша курстардың көмегімен-ақ меңгере алатын едім ғой деп ойлаймын.
Бұл сынаққа бара жатқан кезде әр түлектің жүрегі тағатсыздана соғып, қобалжитынын жақсы түсінемін. Оларға уақыт пен мүмкіндіктің қайтып келмейтінін айтқым келеді. ҰБТ-дан 125 балл жинауларыңызға шын жүректен тілектеспін!
Сурет: Massaget.kz
Оқи отырыңыз:
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #2
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #3
Құрдастарыңызды ренжітіп жүрсіз бе?
Қ. Бүйенбай