- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Массагет тілшілері ҰБТ-ны...
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #2
ҰБТ-ны Массагет тілшілерінің барлығы тапсырды. Сынақ болған күн артта қалса да, күні кеше аудиторияда дұрыс жауап таңдап, қолымыздан келгенше сыныптастардан көмегімізді аямаған немесе өзгеден көмек сұраған сәтіміз әлі есімізде.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға небары бірнеше ай қалды. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталады. Бұл – ҰБТ-ға дайындалу үдерісі тоқтайды деген сөз. Уақыттың аз қалғанын ойлаған сайын жүрегіңіз алып-ұшып, арасында күйзеліп те жүрген боларсыз. Сол себепті біздің айтарымыз сізге көмек болар деген ниетпен басымыздан өткен оқиғаларымызды баяндамақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Еркебұлан Қайрахан.
Жасымыз ұлғайып, ақ пен қараның парқын ажыратып үйренсек те, ҰБТ-ны тапсырғанда үлкен сынақтан өткендей боламыз. Ол сынақтан өте алмай қалсақ, құдды кәусар бұлақтан дәм тату мүмкіндігін жіберіп алғандай күй кешеміз. Дайындық барысында қиналып, кітап алдында ұйқысыз түндер өткіземіз. Сан түрлі тест жаттап, жауаптарын да жаңылыстырып жатамыз. Алайда мұның барлығы болашақта шығар биігіміздің тұғырлы болуы үшін қажет.
Бәрінен бұрын таңдау пәнімді анықтау қиынға түсті. Ұзақ ойланып, ақырында физика пәнін таңдайтын болдым. Өзге де қызығушылықтарым болғандықтан, дөп басқаныма күмәндандым. Себебі, барлығын ақылға салып, Ақтауда мұнайшылардың бағаланатынына баса назар аударған едім. Салыстырмалы түрде өз өлкемде жұмыс табу да оңай болатын. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы демекші, осы пәнді таңдауыма мұғалімімнің де әсері болды.
Қаңтар айы келісімен қарқынды түрде дайындықты бастадым. Түрлі курсқа қатысып, тестілер орындап жүрдім. Мен тест тапсырған 2007 жылы қазіргідей орыс тілі пәні болған жоқ. Әр пән 30 сұрақтан құралды. Алдыма қойған мақсатым – 110-нан асырып бал жинап, ҚБТУ-ға түсу болды. Қалай болғанда да ҚБТУ-ға бүйрегім бұрып тұрды.
Уақыт таяған сайын дайындықты үдете түстім. Тест болатын күннен бірнеше күн бұрын жақсылап демалдым. Осылайша көптен күткен сынақ та келіп жетті. Кіре салысымен оңай пәндерді орындауға кірістім. ҰБТ-дан шыққан соң шамамен 115 балл алған болармын деп ойладым. Көп сұрақтың жауабын тапқаныма сенімді болдым.
Елбасымыз өз жолдауында аталған білім ошағының ең үздіктер қатарына кіргенін айтқан болатын. Қазақстан-Британ техникалық университетін Н.Ә.Назарбаев Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрмен келісіп ашқан.
Адам күні адаммен демекші, бір-бірімізге шама-шарқымыз келгенше көмектестік. Бірақ менде екі пәнім де де есеп болғандықтан, уақытым тым тығыз болды. Қазақстан тарихынан - 27, математика пәнінен - 22, физикадан - 25, қазақ тілі пәнінен - 29 балл жинадым.
Бір қызығы маған ҰБТ нәтижесінің қажеті болмады. 11 сынып оқып жүргенімде өлкемізде «Жүзден жүйрік» атты телеолимпиада болып, 2-айналымға жолдама алдым. Яғни, мектебіміздің намысын облыс алдында қорғау мүмкіндігіне ие болдым. ҰБТ нәтижесі өзімді қанағаттандырмағандықтан, бар күшімді жеңіске жету үшін бағыттадым.
Сайыс шартына сәйкес бірінші орын алған оқушы Мәскеу мемлекеттік университетіне, екінші орынды иеленген оқушы ҚБТУ, үшінші орын алған оқушы өзі қалаған ЖОО-лардың біріне түсу мүмкіндігіне ие болатын еді.
ҰБТ-ға дайындығымның арқасында 1 орынды иелендім. Жеңіске жеткенімді естігенімде қуанышымда шек болмады. Әкіміміз Қырымбек Көшербаев 4 жыл оқуымның ақшасын төледі.
Жазда арман қала Алматыға келіп, жатақханаға орналастым. Алдағы 4 жылда тәжірибе алмасатын болашақ әріптестеріммен таныстым.
Біз тапсырған жылы тексеріс қатаң болды. Алайда телефон байланысын сөндіретін құрал болған жоқ. Өзім мұндай істерге епсіз болғандықтан, қалтамда тұрған шпаргалканы пайдалана алмадым. Арасында осы епсіздіктері үшін шығып кеткендері де болды. Олардың қатарына қосылғым келмеді. Шпаргалкамен ұсталып, аудиториядан шығып кеткеннен гөрі өз күшіммен балл жинауды жөн көрдім.
Аяулы оқырман, биыл ҰБТ-да 125 балды қанжығаңызға байлауға шын жүректен тілектеспіз! Біз сізді қолдаймыз!
Оқи отырыңыз:
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?
Жаңа мектепке үйрене алмай жүрсіз бе?
Ұстазбен ренжісіп қалған кезде не істейміз?
Үй тапсырмасын орындауға үлгермей жүрсіз бе?
Сыныптастар арасында құрметке ие болуды 6 тәсілі
Көшеде сәнді киініп жүрудің жолы (Оқушыларға)
Сурет: Massaget.kz
Қ. Бүйенбай