Жаңа мектепке үйрене алмай жүрсіз бе?

Жаңа мектепке үйрене алмай жүрсіз бе?
Фото: massaget.kz

Отбасы мәселесіне немесе басқа да себептерге байланысты мектеп ауыстыру сынды жағдайлар көбіміздің басымыздан өткен болар. Өзім де орыс мектебінен қазақ мектебіне ауысқан едім. Бірақ менің жағдайым өзгеше. Себебі, біз жаңа мектепке сыныбымызбен толықтай ауыстық. 

Жаңа мектепке барған кезде көп қиындық туындайды. Бойымыз үйренгенше, сыныптастарымызбен араласпай жүретін кездеріміз де болады. Егер сізде де дәл осындай қиындықтар болса, төмендегі психолог мамандар ұсынған бірнеше кеңесті оқыңыз. 

1. Бірінші болып танысыңыз! Оқушылар әртүрлі болатындықтан, бірі – танысып, екіншісі – жақтырмай қарауы мүмкін. Көп достарыңыз болғанын қаласаңыз, бірінші барып танысыңыз. 

2. Әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде және позитивті болыңыз. Жадырап жүретін жандармен барлығы да танысқысы келеді. 

3. Дөрекі сөйлемеңіз. Ешкімге дауыс көтермеңіз. Егер сіз жағымсыз қасиеттеріңізді көрсететін болсаңыз, сізді барлығы да ұнатпайтын болады. 

4. Жақсы оқыңыз. Екілік, үштік баға алмаңыз. Бұл – ең бастысы. Сол кезде сізді ұстаздар да жақсы көретін болады. 

5. Бұзық болмаңыз. «Қожа» секілді тентектерді ұстаздар жақсы көре бермейді. Тіпті, мектептен шығарып жіберуі мүмкін. 

6. Оқушылар мен ұстаздарға өтірік айтпаңыз. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам демекші, шындық су бетіне қалқып шықпай қоймайды. Ал ұстаздарға өтірік айту туралы, тіпті, ойламасаңыз да болады. Соңы жақсы болмайтыны анық. 

7. Көп қалжыңдамаңыз. Қалжыңың жарасса, атаңмен ойна демекші, оның да орнын біліңіз. 

8. Ең алдымен, айтар сөзіңізді ой елегінен өткізіңіз. Арамызда сабақ оқымай келіп, ешкім білмейтін жаңалық ашатын жандар да бар. Егер сіз де дәл осылай жасайтын болсаңыз, құрметтен жұрдай боласыз. 

9. Өзіңіздің кім екеніңізді ұмытпаңыз. Ешуақытта біреуге ұқсауға, еліктеуге тырыспаңыз. Әр адам өз алдына қайталанбас тұлға. Біз өз таңбамызды қалдыру үшін өмір сүреміз!

Қ. Бүйенбай