Оқушы: "Мамандығымды ата-анамның таңдағаны дұрыс па?"

Оқушы: "Мамандығымды ата-анамның таңдағаны дұрыс па?"

Ата-аналар: "Баланың икемділігін бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде анықтауға бола ма?" деп сұрақ қояды. Яғни, 6-7 жаста. Бұл сұраққа психолог мамандар бірауыздан «жоқ» деп жауап береді. Себебін "Ата-ана баланың бұл жаста таңдау еркі мен қабілетінің жоқтығының себебінен қателік жіберуі мүмкін" деп түсіндіреді.

Бала бастауыш сыныпта оқып жүрген кезде барлығына да қызығуы мүмкін. Сондықтан да оның қай іске икемдірек екендігін дөп басып айту қиын. Әрине, егер балаңыздың қызығушылығына шынайы баға беріп, дәл анықтай білсеңіз, оның болашағына болжам жасауға болады. Алайда баланың өскенін күте тұрған абзал.

Аналардың футболды мықты ойнайтын баласын музыка мектебіне беретін, ал үйдегі перде мен матаны кесіп ойнағанды жақсы көретін қыздарын есеп-қисапқа үйрететін кездері болады. Немесе атасының қалауымен бастықтың орындығына жайғасып, ал өзі әдеби кітаптарды оқығанды ұнатуы да ғажап емес.

Баланың бір іске деген икемділігін 13-14 жасында анықтауға болады. Бұның 2 себебі бар:

Біріншісі – осы жасқа дейін бала түрлі үйірмелерге қатысып көріп, өзіне ұнайтын нәрсені анықтайды. Мұнымен қатар, сол салаға сәйкес өзіндік пікірі де қалыптаса бастайды.

Екіншісі – бұдан өзге 9 сыныпта оқитын оқушының алдында 10-11 сыныпты оқимын ба, оқымаймын ба деген үлкен таңдау тұрады. Осыған сәйкес бір іске ұмтылуға өзі де кірісіп кетеді.  

9 сыныпты бітірерде не себепті таңдау жасаймыз? Ондағы мақсатымыз не? Осы кезде баланың сынақта таңдап жүрген 5-ші пәніне қарап қай саланы ұнатып жүргенін анықтауға болады.

Ал колледж оқушыларға лайық білім бере ала ма? Мүмкін бірден ЖОО-ға түскен дұрыс болар. Кейде бала оқымай, бірден жұмыс істегісі келуі мүмкін.

Балалары үшін ата-аналардың таңдау жасауы және оның салдары

Олар төмендегі себептерге байланысты балалары үшін таңдау жасайды:

1. Бала отбасындағы дәстүрлі мамандықты жалғастыруға міндетті деп ойлағандықтан.

2. Баласы түсейін деп отырған оқу орнында жақсы таныстары бар.

3. "Әйтеуір оқып алсыншы, сосын көре жатармыз" деген ой.

Құрметті ата-аналар! Сіздің таңдауыңызға бола балаңыз 12-15 жылын босқа жоғалтуы мүмкін. Яғни, өзі қаламаған мамандықты оқып, ұнамайтын қызметте жұмыс істеп, артынша өзі үшін біреудің таңдау жасағанына қатты өкінетін болады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек:

Мамандығын өзінің икеміне сәйкес таңдаған оқушылардың 85%-ы ЖОО-ны өте жақсы деген бағаға бітіріп шыққан. Ал жәй ғана таңдай салғандардың 69%-ы ғана ЖОО-ны толығымен аяқтаған.

Және тағы бір ескерте кететін нәрсе - көп ата-ана Қазақстанда жоғары сұранысқа ие мамандықтарды біле бермейді. Қолына дипломын алса, бір жұмысқа тұрады ғой деп ойлайды. Мұндай жағдайда жалақысының да аз болатыны анық. Адам өмірінде мамандық пен жар таңдаудың маңызы зор екенін жақсы білеміз.

Қателік жібермеу үшін не істейміз?

Мамандық таңдауды ата-анасы, баласы және маман үшеуі бірігіп отырып шешкені абзал. Бұлайша кеңес алуды «Мамандық таңдау» немесе «Мамандыққа деген икемділік» деп атайды.

Осы секілді кеңестерде психолог немесе маманның арқасында төмендегі сұрақтарға жауап алуға болады:

1. Оқушының қай мамандыққа икемділігі бар?

2. Оқушының болашақтағы мансабына қажетті мәліметтер.

3. Қандай мамандықтардың 4-5 жылдың ішінде жоғары сұранысқа ие болатындығы.

4. ЖОО мен жұмыс берушілердің байланысы.

5. Жоғары жалақы төлейтін компаниялар.

6. ЖОО-да оқып жүрген студенттің қосымша білім алуы.

7. Нені оқудан бастаймыз? Қандай ақпараттарды меңгерген жөн.

Осындай сұрақтарға дәл жауап беруге көмектесетін орталықтарды іздеңіз. Ол жерге 3 рет барған жөн. Бірінші рет - 8 сыныпта, екінші рет - 9 сыныпта, үшінші рет - 11 сыныпта. Мансап жолында табысқа жету арқылы болашақта өзімізді материалдық деңгейде толықтай қамти аламыз.

Ал сіз мамандығыңызды өзіңіз таңдадыңыз ба?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: liveinternet.ru

Қ. Бүйенбай