Елімізде мектеп оқушылары күзгі демалыста қанша күн демалады?

Елімізде мектеп оқушылары күзгі демалыста қанша күн демалады?

Қазақстандағы мектепте бірінші тоқсан аяқталды. Күзгі демалыс 1 қарашадан 7 қарашаға дейін созылады яғни оқушылар 7 күн демалады. Екінші тоқсан 8 қарашада дәстүрлі форматта басталады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлады.

“Бірінші тоқсанда мектеп оқушыларының білімін диагностикалау және өткен жылғы пандемия және онлайн оқыту салдарынан білім жоғалтуының орнын толтыру жұмыстары жүргізілді. Барлық негізгі пәндер бойынша күрделі тақырыптар белгіленді, олар үшін бекітуге бөлек уақыт бөлінді. Балалар мен ата-аналардың өтініші бойынша 62 мыңнан астам оқушыға белгілі бір оқу пәндері бойынша сабақтар ұйымдастырылды”, - деді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Айта кетейік, бірінші тоқсанда Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының оқушылары дәстүрлі форматта 100 пайызға жуық білім алған.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша коронавируспен ауырған мектеп оқушыларының жалпы санының 0,04%-ы тіркелді. Бірінші тоқсанда жалпы сыныптар санының 6%-ы карантинге жабылды. Жаңа оқу жылында 7 мыңнан астам мектепте 3,6 миллион бала білім алып жатыр.

Биыл бірінші сыныпқа 394 мың бала барды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 мыңға көп.

Т. Раушанұлы