Балаға ұялы телефон алып берерде талқылану керек мәселелер

Балаға ұялы телефон алып берерде талқылану керек мәселелер
Фото: freepik.com

Ерте ме, кеш пе балаға ұялы телефон сатып алып беретін күн келеді. Бұл әр ата-ананың басына келетін жағдай. Алайда бала да, ата-ана да телефон жай «әшекей» емес, жауапкершілік екенін түсінуі керек. Сондықтан дүкенге бармас бұрын баламен бірнеше мәселелерді талқылап алған жөн.

Ұялы телефонды қай уақытта қолдану керек?

Алдымен смартфонды қолдану ережесін белгілеп, оларды балаға айтыңыз. Мысалы, дастархан басында отбасы мүшелерінің экранға қарап отыруын қаламайтыныңызды, оның сабаққа және ұйқыға кедергі келтірмеу керегін түсіндіріңіз. Алайда агрессия көрсетпеңіз: егер бала ережені бұзса, бірден смартфонды тартып алатыныңызды айтпаңыз. Оның орнына сауатты диалог құруға тырысыңыз, соның барысында телефонды қандай кесте бойынша қолдануға болатынын шешесіздер.

Ұялы телефонды қаншалықты жиі қолдануға болады?

Kaiser Foundation ұйымының зерттеушілері орташа есеппен балалар гаджеттермен күніне 7,5 сағат отыратынын анықтаған. Бұл ересек адамның жұмыс уақытына тең! Егер сізді балаңыздың жиі телефон ұстап отыруы мазаласа, жайлы орын (немесе орта) жасап беріп көріңіз. Себебі бала әдетте басқа ештеңе қызық болмағаннан емес, сыртқы дүниеде оны жақсы түсінетіндер жоқ болғандықтан, қолдауды виртуалды әлемнен ғана көретіндіктен телефоннан түспей отыруы мүмкін.

Баланың өмірінде не болып жатқанын біліңіз. Өз ой-өрісіңізді дамытыңыз, балаңызға да ұнауы мүмкін хоббиге қызығушылық танытыңыз, көргеніңізді баламен талқылаңыз. Сондай-ақ баланың қандай да бір проблемасын құнсыздандырмаңыз. Сізге аса маңызды емес секілді көрінгенімен, ол бала үшін үлкен проблема болуы әбден мүмкін.

Балада бәрі дұрыс, бірақ сонда да телефонның айналасынан шықпаса, отбасылық дәстүр енгізіңіз: әр демалыс сайын саябаққа бару, ортақ хоббимен айналысу немесе т.б.

Киберқауіпсіздік жайлы не білу керек?

Болашақта мектептерде киберқауіпсіздік сабағы болуы мүмкін. Бірақ қазір ол туралы балаға түсіндіру — ата-ананың міндеті. Балаға қауіпсіздік пен құпиялықтың не екенін, телефондағы және әлеуметтік желілердегі жеке мәліметтерді барынша қорғау не үшін маңызды екенін айтыңыз. Сондай-ақ кез келген сайтқа жеке мәліметтерді (туған күн, мекен-жай және телефон) жаза беру және таныс емес адамдар шақырған чаттарға қосылу қауіпті болуы мүмкін екенін түсіндіріңіз.

Сонымен қатар, баладан телефонда да әдепті болуын сұраңыз: мысалы, басқаларға тіл тигізетін және кемсітетін хаттар немесе суреттер жібермеу.

Ата-ана неге телефон соға береді?

Көбіне балалар ата-анасының неге әр нәрсені уайымдай беретінін түсінбейді. Сондықтан баланы қорқытпай, сабырмен түсіндіріңіз: өмірде түрлі жағдай болатынын, сондықтан ол жауап бермесе, оны қатты уайымдайтыңызды айтыңыз. Сіз телефон соққан кезде сөйлесе алмаса, хат жазып жіберуге үйретіңіз.

Неліктен ересектердің өздері телефонда ұзақ отырады?

Кейде бала сізге салған суретін көрсетейін деп жүгіріп келеді, бірақ немқұрайлықтан басқа еш жауап алмайды. Бала сізге оның шығармашылығынан гөрі телефон маңыздырақ деп түсінеді. Ал негізінде сіз маңызды жұмыс шаруасын шешіп отқан болуыңыз мүмкін. Бала ересектің гаджет алдында ұзақ отқанын көрсе, оның нақты не істеп жатқанын біле қоймайды. Сондықтан бала түсінетін жаста болса, жұмысыңыздың чатын немесе онлайн-жиналысыңызды көрсетуге болады.

Егер ұялы телефон жоғалып немесе сынып қалса, не істейміз?

Балаға телефон сатып аларда оның арзан емес екенін және ол бір күнде жөндей немесе ауыстыра салатын зат емес екенін түсіндіріңіз. Егер баланы заттарына жауапкершілікпен қарауды үйреткіңіз келсе, мұндай жағдайда ересектер жоғалған заттың орнына жаңасын алу үшін немесе оны жөндеу үшін басқа кейбір шығындардан бас тартатынын айтыңыз. Ол бала болғандықтан, оған басқа әдіс ұсыныңыз. Мысалы, үйдегі қандай да бір міндетті өз мойнына алуын сұраңыз.

А. Жапатова