Қазақстандық оқушылар Әзербайжандағы олимпиадада төрт медаль иеленді

Қазақстандық оқушылар Әзербайжандағы олимпиадада төрт медаль иеленді
Фото: inform.kz

Баку қаласында информатикадан 31-ші Халықаралық олимпиада мәресіне жетті. Оған қатысқан Қазақстан құрамасы 4 медаль жеңіп алды.

4-10 тамыз аралығында өткен олимпиадаға 87 мемлекеттен 325 оқушы қатысты. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальге ие болды. Атап айтсақ, "Республикалық физика-математика мектебі" Коммерциялық емес акционерлік қоғамының түлектері Сардарбеков Батыр – алтын, Закарин Данияр – күміс медаль иеленді. Өскемен қаласындағы дарынды ер балаларға арналған облыстық мамандандырылған "Білім-инновация" лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Байболов Темірлан және Нұр-Сұлтан халықаралық "Spectrum" мектебінің түлегі Құрбанбаев Жан "қола" еншіледі.

Бұған дейін информатика пәнінен алғашқы екі алтын медальді қатысушылар 2007 жылы Хорватияның Загреб қаласында өткен халықаралық олимпиададан әкелген болатын.

Ел құрамасына оқушылар әдетте информатикадан республикалық олимпиада мен оқу-жаттығу жиындарының нәтижелері бойынша іріктеледі. Жарыс екі турда өтеді. Бір турға бес сағат беріледі. Осы уақыт ішінде үш алгоритмдік есепті шешу және бағдарламалау қажет. Қорытынды жеке есепте шығарылады.

2020 жылы Олимпиада Сингапурда өтеді.

Massaget