Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі: қаза тапқандар саны артты

Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі: қаза тапқандар саны артты
Фото: x.com/NTN24

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1450 адамға жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Reuters және La Patilla басылымдарына сілтеме жасап.

Табиғи апаттан ең көп зардап шеккен - Ла-Гуайра штаты. Мұнда шетелден құтқару топтары келген. Каракастан солтүстікке қарай шамамен 40 шақырым жерде орналасқан осы жағалаудағы штатта ондаған ғимарат қирап, үйіндіге айналған.

"Еліміз бастан өткерген ең жойқын табиғи апат салдарынан қаза тапқандар саны 1450 адамға жеткенін хабарлауға мәжбүрміз", - деді президент міндетін атқарушы Делси Родригес.

Оның айтуынша, 3150-ге жуық адам зардап шегіп, 12 721 адам баспанасыз қалған, 774 ғимарат қираған.

Қаза тапқандардың туыстары мен еріктілер шетелдік құтқарушылар келгенге дейін бірнеше күн бойы үйінді астынан аман қалғандар мен сүйектерді өз бетінше шығарған.

АҚШ Геологиялық қызметінің болжамы бойынша магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын жер сілкіністері 10 000-нан аса адамның өмірін қиюы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдады. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget