Алматыда Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысы бар адамдарға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айыпталушы 12 адам. Оның ішінде, танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар.
Төребаев пен Шерниязовтан басқа сотталушылардың барлығы дерлік Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша ("Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу") кінәлі деп танылды.
Вайнерлер тек 217-бап (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен күдіктілерге бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдері тағайындалды.
Сот үкімі бойынша Мейірхан Шерниязов бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға, Мейіржан Төребаев та тек бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды.
"Мейіржан Төребаевқа ең төменгі қауіпсіздік колониясында бес жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Мейірхан Шернияз ең аз қауіпсіздік колониясында бес жылға бас бостандығынан айырылсын.
Astex.kz ЖШС басшысы Алмас Құрманғалиев - 14 жылға, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі Дания Рахимова - 10 жылға, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар Ержан Мансұров - 9 жылға, Ерлан Мансұров - 9 жылға, Руслан Бурханов - 12 жылға, Mudarabah Capital қаржы пирамидасының бұрынғы қаржы директоры Тимур Рүстемов - 12 жылға, Mudarabah Capital құрылтайшысы Андрей Ча - 8 жылға, Mudarabah Capital құрылтайшысы Самат Қасенов - 8 жылға, заңгер Нұрлан Сұлтанбаев 8 жылға, Mudarabah Capital құрылтайшысы Біржан Жармұхамед 6 жылға бас бостандығынан айырылсын", - деді судья Камшат Саурова.
Еске салайық, қазақстандық танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов былтыр сәуірде Mudarabah Capital қаржы пирамидасы схемасына қатысы бар деген айыппен қамауға алынған болатын. Олар күдікті деп танылып, түрмеде отырды. Олардан басқа іс бойынша жауапкер, үшінші вайнер Әзімжан Саидбаев бар. Оған іздеу жарияланған.
Ал 2022 жылғағы желтоқсанда танымал вайнер және блогер Мейіржан Төребаев тергеу изоляторынан босатылып, үйқамаққа алынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!