“Үй салынып жатқан кезде мемлекеттік бақылау қайда қарайды?“ - депутат

“Үй салынып жатқан кезде мемлекеттік бақылау қайда қарайды?“ - депутат
Фото: depositphotos.com

Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай құрылыс сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту керек екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Үй салынып жатқан кезде мемлекеттік бақылау қайда болады?"

Депутаттың пікірінше, азаматтар баспанаға қол жеткізгеннен кейін құрылыс сапасына байланысты түрлі мәселеге жиі тап болады.

"Көпшілік пәтерді ипотекалық бағдарлама арқылы сатып алып, оның ақысын жылдар бойы төлейді. Алайда кілтін алып, қоныстанғаннан кейін кемшіліктер анықтала бастайды. Кейде қоныс тойы өтпей жатып құбырлардан су кетіп, қабырғалар жарылып, қыс мезгілінде пәтер тоңазиды, тіпті қасбеттері құлайтын жағдайлар кездеседі. Нәтижесінде тұрғындар инженерлік желілерден бастап құрылыс сапасына дейінгі сан алуан мәселемен бетпе-бет келеді", - деді ол.

Наурыз Сайлаубай осы тұста "үй салынып жатқан кезде мемлекеттік бақылау қайда болады және қайда қарады?" деген қарапайым сұрақ туындайтынын да айтты.

"Мәселе үй салынып жатқанда анықталуы керек"

Десек те бүгінде мемлекет құрылыс саласын реформалап жатыр. 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді.

"Бірақ заңда қанша бақылау тетігі жазылғаны ғана емес, олар іс жүзінде қаншалық жұмыс істейтіні маңызды. Тағы бір мәселе бар. Бүгінде өңірлік деңгейдегі мемлекеттік құрылысты жүргізу мен бақылау жергілікті атқарушы органдар жүйесінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, дәл осы органдар аумақтарды дамытуға, қала құрылысы саясатына, құрылыс және тұрғын үй жобаларын іске асыруға жауап береді. Әкімдік қызметкерлері заңбұзушылықтарға бей-жай қарайды деген пікірден аулақпыз. "Бақылаушы органда болатын не ықтимал мүдде қақтығысы туындауы мүмкін" деген ойға қалып отырмыз. Сондықтан осы жағдайға да мүмкіндік бермейтін жүйе құрылуға тиіс", - деді депутат.

Наурыз Сайлаубайдың айтуынша, азаматтар баспанасының сапасын пәтерді сатып алғаннан кейін барып анықтамауы қажет. 

"Мемлекет мәселе адамдар қоныстанғаннан кейін емес, жобалау және құрылысты жүргізу кезеңінде анықталып, оның жойылуын қамтамасыз етуге тиіс", - деді ол. 

Еске салайық, бұған дейін фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта құрылыс саласының маманы Вероника Лобаева бірқатар кемшілікті айтты. Маманның сөзінше, қайғылы оқиға болған үй бес қабатты етіп салынуға тиіс еді. Қабаттар саны артуы конструкцияға түсетін салмақты айтарлықтай өзгерткен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget