Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс: сарапшы қайғылы оқиға болған үйге баға берді

Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс: сарапшы қайғылы оқиға болған үйге баға берді
Фото: Tengrinews.kz

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. Бүгін сотта құрылыс саласының маманы Вероника Лобаева жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сарапшы сотқа құрылыс-техника сараптамасына жасалған рецензияны ұсынып, қайғылы оқиға болған ғимараттың кемшіліктеріне тоқталды. Оның бағалауынша, ғимараттан табылған жарықтар мен өзге де ақаулар негізгі себеп емес, керісінше жобадағы елеулі сәйкессіздіктің салдары болған. Ғимараттың биіктігі жобада қарастырылғаннан екі есеге артқан.

Маманның сөзінше, ғимарат бес қабатты болып салынуға тиіс еді. Қабаттар саны артуы конструкцияға түсетін салмақты айтарлықтай өзгерткен.

"Ғимарат бес қабатты етіп салынғанда, мұндай жел, жүктеме әсер етпес еді. Ғимараттың биіктігі есепсіз екі есеге ұлғайтылған", - деді Вероника Лобаева.

Сарапшының айтуынша, құрылыс ақауларынан жағдай күрделене түскен. Олардың қатарында арматураланған белдеу мен бекіткіш жоқтығы, әлсіз ерітінді мен сынық кірпіштер қолданылуы бар.

Вероника Лобаева бұл факторлардың әрқайсын бөлек емес, бірге қарастыру қажет екенін айтты.

"Қабырдағы жарық сияқты ақаулар - негізгі себеп емес, салдары", - деді маман.

Cот отырысы

Айта кетейік, 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.

Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Бұған дейінгі сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.

Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.

Мән-жайы

Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.

23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіштер мен кондиционер бекіткіші" құлаған.

Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget