- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үстінен полицияға арыз...
Үстінен полицияға арыз берілді. Өртсөндірушінің үндеуіне Алматы қаласы ТЖД жауап берді
Өртсөндірушілерге лайық жағдайдың жасалмайтынын айтып Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялаған Арман Өмірбаевқа қатысты мақаламызға Алматы қаласы ТЖД жауап берді,- деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше Арман Өмірбаев бұған дейін өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші лауазымында қызмет атқарған. Сондай-ақ қазіргі таңда қызметінен босатылыпты. ТЖД бейнероликтің осыдан бір жыл, бес ай бұрын жарияланғанын айтып, қызметкердің келтірген деректері негізсіз екенін атап өтті.
"Бейнеролик қызмет барысында, яғни 1,5 жыл бұрын 2022 жылдың 21 қаңтарында түсірілген және ол ұялы телефонының жеке мұрағатынан жарияланған. А. Н. Өмірбаевтың нысанды киіммен қамтамасыз етілмеуі туралы дәлелдері негізсіз. Өрт сөндіру бөлімшелерінің жеке құрамына жауынгерлік киім мен құрал-жабдықтар уақтылы беріледі. Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің барлық жеке құрамы 100 пайыз жауынгерлік киіммен қамтамасыз етілген. Гарнизонның өрт сөндіру техникасымен жабдықталуы - 95 пайыз. Жабдықтар мен өрт-техникалық қару-жарақ жеткілікті мөлшерде бар. ТЖД материалдық-техникалық бөлімді жүйелі негізде нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді ведомство өкілдері.
Бұл Арманның күні кеше өзі жұмыс істеген №8 өрт сөндіру бөліміне келіп, әріптестерімен жанжалдасқан сәті. Алматы қаласы ТЖД ер адамның бұл қылығы құтқарушылар мен өртсөндірушілердің қызметі туралы қате түсінік қалыптастыруда деген пікір пілдірді.
Сонымен қатар, Алматы қаласы ТЖД өкілдері қызмет барысында өзін теріс жағынан көрсетті, қызметтік тәртіпті жиі бұзды, жұмыста салғырттық танытты деп өртсөндірушінің өзін кінәлап отыр. Арманның қылығын бір сөзбен "хайп" қуған адамның әрекеті деп баға берді. Өртсөндіруші Өмірбаевтың арандатушылық әрекеттері, соның ішінде қоғамдық тәртіпті бұзу, мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлерін балағат сөздермен қорлау фактілері бойынша полицияға арыз берілгенін жеткізді.
Өртсөндірушінің үндеу жариялаған бейнежазбасын мына жерден көріңіз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов