Абай облысы Үржар ауылында 9 жастағы қызды көршісі зорлаған. Бұл уақытта қыздың анасы жұмыста болған, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, қыздың анасы Светлана Либих жұмыстан келгенде қызының зорланғанын көрген. Ол дереу полиция шақырған. Олар күдіктіні бірден ұстаған.
"Үйге келсем, қызым дәлізге футболкамен шықты. Үсті-басы лас, қан. Дереу полиция шақырдым, олар оны бірден ұстады", - дейді қыздың анасы.
Қыз сот-медициналық сараптама тексерісінен өткен. Анасының айтуынша, сараптама қорытындысы әлі дайын емес, күдіктінің полицияда туысы бар.
Күдікті қамауға алынған. Ол - 48 жастағы ер адам. Үйленген, екі ересек баласы бар. Қазір қызбен мектеп психологы жұмыс істеп жатыр.
"Тергеу барысында күдікті ұсталды, сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі және 121-бабында көзделген әрекет бойынша айып тағылды", - деді Абай ауданы Полиция департаменті басшысының орынбасары Елдос Зәкімов.
Ауыл тұрғындары тергеуді ішкі істер министрінің жеке бақылауына алуды сұрайды. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында кішкентай қызды зорлады деген күдікті анықталғаны хабарланған болатын.