"Үшінші әйелімен театрда танысқан". Өнер арқылы отбасын құрған танымал қазақстандықтар

Өнердің арқасында шаңырақ көтерген жұптардың қатарында театрда, фильм мен сериалдың түсірілімінде танысқан жұптар да бар. Соның ішінде әйгілі Қыз Жібек пен Төлегенді сомдаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева да бар. Massaget.kz тілшісі түсірілімде, театрда танысқан қандай танымалдар бар екеніне шолу жасады.

Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббаты

Суреттер: alashainasy.kz, inform.kz

Қыз Жібек пен Төлеген ролдерін сомдаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева кино әлемі арқылы танысқан. Құман Тастанбеков сұхбаттарының бірінде ұзақ уақытқа дейін жақын араласа алмағандарын айтқан.

"Қалай танысқанымызды айтсам, оның өзі қызық болды. Кезекті бір күндердің бірінде дайындыққа келген сүп-сүйкімді, сұлу да сымбатты қыздың көзіме оттай басылмасы бар ма?! Бір көргеннен-ақ Жібектің роліне соның алынатынына сенімді едім. Оған қоса, "осы қыз тәуір, Жібекке келетін сияқты" деп, ұйымдастырушы топқа өзіндік пікірімді айтқандай боламын. Содан тілегім орындалып, Меруерт екеуміз жұмысымызға кірісіп кеттік. Шамасы менің оны ұнатқанымды байқаған болуы керек, Әлекеңдердің (Әнуар Молдабеков - еск.) мені түсірілімде мақтап, "Меруертжан, осы жігітке қосылсаң, қор болмайсың" деген сыңайда әңгіме айтатыны бар. Екі жас бір-бірімен тіл табысып, қосылсын деген ниет қой. Онымен қалада өскен қыздың "ой, керек емес" деп, кері тартатынын қайтерсің. Әңгіменің ашығы, көпке дейін амандық-саулық сұрасқаннан әріге аспай, алыстан араласып жүргеніміз бар", - деген екен сұхбаттарының бірінде Құман Тастанбеков.

Ал Меруерт Өтекешева сұхбатында 1970 жылы шаңырақ көтергендерін айтқан. Олар фильмнен кейін бір жыл өткен соң той жасаған. Ал тойға фильмнің түсірілім тобы келген, неке қию салтанаты "Қазақфильм" киностудиясында өткен.

"Қыз Жібек" көпшілік көрерменге көрсетілген соң, 1970 жылғы 6 қарашада шаңырақ көтеріп, АХАЖ бөлімінде некемізді қидырдық. Кинода бірге түскен Әнуар Молдабеков тойымыздың басы-қасында жүрсе, Асанәлі Әшімов асаба ретінде қуанышымызға ортақтасты. Тағы бір жайт, фильмдегі киімдерімізді үйлену тойымызда да киіп, екеуміз алғаш түскен картинаны мәңгілікке ұмытпайтындай болдық", - деген екен ол.

"Тең-теңімен, тезек қабымен"

80-жылдары "Тамаша" әзіл-сықақ театры арқылы танымал болған Данагүл Темірсұлтанова Өнер институтында оқып жүргенде режиссер Райымбек Сейтметовтің баласы Азат Сейтметовпен бас қосқан. Олардың Айша және Айым атты екі қызы, Қайсар есімді ұлы бар. Айша - халықаралық деңгейдегі заңгер.

"Тең-теңімен, тезек қабымен" деген сөз бар. Сол сөзді жақсы көрем. Адам өзінің теңін табу керек. Материалдық жағынан болса да, рухани жағынан болса да теңін табу керек", - деген еді актриса сұхбаттарының бірінде.

Суреттер danagultemirsultanova Instagram-парақшасынан

Данагүл мен Азаттың кенже қызы - Айым Сейтметова блогер ретінде танымал. Оның 1 миллионнан аса оқырманы бар. Айым Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "музыкалық театр әртісі" мамандығы бойынша білім алған. Атасының, әкесі мен анасының өнері дарыған Айым 2015 жылдан бастап "Жібек", "Іңкәр жүрек", "Мезгілсіз махаббат", "Ана жүрегі", "Мажоры", "Инстаграмщица" секілді фильмдерге түскен. Әртістердің екі қызы да құтты орнына қонған. Актриса әрі блогер қыздары Айым 30 наурызда оқырмандарынан сүйінші сұрап, ана атанғанын жазған еді. 

Күлпәш пен Кәталөк өмірде жұп

beriktursnbekov.official

Театр арқылы танымал болған отбасының бірі - қалың көпшілік "Күлпәш" есімі арқылы білетін Берік Тұрсынбеков пен Қарлығаш Исламқызы. Олар 1999 жылы "Шымкент шоу" театрының конкурсында танысқан.

Сұхбаттарының бірінде Қарлығаш Берік туралы алғашқы ойын айтқан еді.

"Түрік пе, өзбек пе, қазақ деп ойлаған жоқпын. Бір бала қазақша сайрап тұр", - деді актриса Қарлығаш Исламқызы.

Кейін екеуі жақсы дос болып кеткен, тіпті Берік алғаш көңілін білдіргенде, Қарлығаш күлгенін айтады. Бірақ айналасындағылар арасындағы байланысты бірден сезген екен. Берік пен Қарлығаш 2000 жылы шаңырақ көтерген. Олар өнер әлемінде әлі де бірге, "Күлпәш" телесериалында Күлпәш пен Кәталөк болып, одан бөлек, театр сахнасында, мерекелік концерттер мен бағдарламаларда бірге өнер көрсетеді.

Үшінші әйелімен театрда танысқан

Театрда танысып, бас қосқан отбасылардың бірі - Сәбит Әбдіхалықов пен Динара Абдуллина. Белгілі актер Сәбит Әбдіхалықов парақшасында да ұлдарының сурет жариялап, "Бауырлар. Асылжан, Хақ-Назар, Абадан", - деп таныстырған еді.

Хақ-Назар мен Абадан оның үшінші әйелінен туғаны белгілі. Бұған дейін Сәбит Әбдіхалықов белгілі эстрада әншісі Айгүл Иманбаеваға үйленсе, кейіннен Алтынай Жорабаевамен шаңырақ көтерген еді. Сондай-ақ, сұхбаттарының бірінде "бұрынғы әйелдері ешқашан тастап кетті деп айтпайтынын" жеткізді. Айгүл Иманбаевадан Асылжан есімді ұлы, ал екінші жұбайынан 4 қызы бар.

Сонымен қатар, актер үшінші әйелімен қалай танысқанын айтып берді.

"2 жыл Тұздыбастауда күйеубаламның үйінде тұрдым. Денсаулығыма байланысты қарындасым қарады. 2017 жылы театрды басқарып жүрген кезде көңіл жарастырдық. Жеңгеңіз де бірден келісе қойған жоқ. 1 жыл келіспей жүрді. Өйткені оған да "репутациясы жақсы емес, мақтанатындай репутация емес, 2 рет ажырасқан" деп әңгіме айтады ғой. Оның да ағайын-туысы бар. Жас қыз, 2 жылдай танып-білдік", - деген еді актер сұхбаттарының бірінде.

Баян Мақсатқызы ескерту жасаған

"Рауза" телехикаясы арқылы отбасы болған әнші, актриса Жарқынай Ханайым мен продюсер Баян Мақсатқызының жиені, актер Айдар Асқарбектің бір қызы бар. Есімі - Айлана. Алайда кейінгі кезде олардың отбасына қатысты Желіде түрлі қауесет тарап жүр.

Қыздарының есімін Айдардың өзі қойған екен.

"Мағынасы "айдай әдемі" деген мағынаны білдіреді. Бұл есімді мен ұсындым, әке-шешеміз қарсы болған жоқ", - деген еді актер Айдар Асқарбек.

Өнерлі жұп отбасын құрғанға дейін көпшіліктен арақатынасын жасырған. Жарқынайдың продюсері Баян Мақсатқызына бұл арақатынасты жиенінің өзі жеткізіпті. Дегенмен киноның алдында Баян осындай қатынас құрмауға байланысты ескерту жасаған екен.

Дәурен Айдарқұлов пен Ақбота-нұр Сейітмағамбет

Белгілі әнші, актриса Ақбота-нұр Сейітмағамбет пен актер Дәурен Айдарқұлов та фильм түсірілімінде танысқан. Алайда Дәурен Айдарқұлов бұған дейін де отбасылы болған. Олардың өмірдегі жолын "Гламур для дур" фильмі қосқан. Бұл жұп айырылысып кеткен еді. Ал Дәурен Айдарқұлов Instagram-парақшасында бұрынғы әйелдерімен қандай қарым-қатынаста екенін, өзі тағы шаңырақ көтергісі келетінін айтып, бірқатар жайтты жеткізген еді. Оның сөзінше, Ақбота екеуінің балалары ата-анасымен тұрады.

"Екінші некедегі балалар ата-анаммен, яғни бізбен бірге тұрады. Бұл Ақбота екеуміздің уақытша, ортақ шешіміз. Мен де, ол да сапарда жиі боламыз, киноға түсеміз, сол себепті бұл шешім ең дұрысы болды. Ата-анам мен Әйгерім қарындасыма үлкен рақмет айтқым келеді! Алла сіздерге разы болсын", - деп жазған ол Желіде.

Еске салайық, бұған дейін кинодағы ролінен кейін өмірде бас қосқан шетелдік атақты әртістер туралы жазған едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!