Орал қаласындағы "Ризық" дәмханасында болған алапат жарылысқа қатысты сот басталды. Жауап беруші ретінде осы ғимаратты жалға алған 34 жастағы Меңдібек Уәлиев танылып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Айыпталушыға өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін екі және одан да көп адамның өліміне себепкер болды деген баппен айып тағылып отыр. Күдікті қаңтардан бері уақытша қамау абақтысында.
Оралдағы дәмханада болған жарылыс: ғимаратты жалдаушы қамауға алынды
4 қаңтарда түнде екі қабатты дәмханада қатты жарылыс болған еді. Ғимараттың күл-талқаны шықты. Құтқарушыларға үйіндіні қопарып шығуға 16 сағат уақыт кетті. Үш адам мерт болып, төрт адамның денесі күйіп, түрлі жарақат алды.
Өзін бейнекамераға түсіруге рұқсат етпеген дәмхана иесі Меңдібек Уәлиев 10 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бес айдан бері абақтыда отырған оны қорғаушысы үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш жасады. Бірақ оның талабы қанағаттандырылмады. Тіпті істі қайта тергеуді сұраған. Бұған прокурор қарсы болды, сот жалғаса береді.
"Құзырлы органдар істі жан-жақты, обьективті тергеуге бар мүмкіндікті пайдаланды. Қылмыстық іс жүргізу кодексі шеңберінде жұмыс істелді. Соталды тергеуде тараптардың өтініштері назарға алынды. Ал қорғаушылар тарапынан келтірілген дәлелдер сотта қарастырылады. Сондықтан бұл өтініштер қанағаттандырылмайды", - деді прокурор Ерболат Биғалиев.
Еске салайық, бұған дейін Оралдағы дәмханада жарылыс болып, екі адам өлі табылғаны хабарланды. Артынша тағы бір адам көз жұмды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!