“Ұрып өлтіріп, жасырмақ болған“. Қызылордадағы студенттің өліміне қатысты тың дерек шықты

“Ұрып өлтіріп, жасырмақ болған“. Қызылордадағы студенттің өліміне қатысты тың дерек шықты
Фото: Информбюро 31

Қызылордада медицина колледжінің жатақханасында 1-курс студенті көз жұмды. Ал марқұмның ата-анасы ұлдары әлімжеттік құрбаны болғанына сенімді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Информбюро 31" арнасына сілтеме жасап.

Олар жоғарғы курста оқитын бірнеше бала 16 жастағы Нұрдәулет Мырзалыны ұрып өлтіріп, сүйегін жасырмақ болғанын айтады. Қазір бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

Жақындарының айтуынша, 16 жастағы жасөспірімді 3-курс студенттері түн ішінде жабылып ұрып-соққан. Қайғыдан қан жұтқан отбасы сол түні балаларға бас-көз бола алмаған қызметкерлерді де кінәлайды. Марқұмның әкесінің сөзінше, жоғарғы курс студенттері өзінен кішілерді жатақхананың фитнес залына апарып әбден азаптаған. 

"Сол жерде ұрған жерден кеткен ғой бала. Олар жедел жәрдемді уақытында шақырмаған. Шақырса, үлгеріп қалар ма еді. Олар баланы алып шыққан да, өзінің бөлмесіне апарған", - деді марқұмның әкесі Руслан Сейсенбаев.

Колледж басшылары студенттердің тәртібіне бақылау жасай алмаған бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылғанын мәлімдеген. Қазір қызметтік тексеріс басталған.

Марқұмның туыстары жеткіншекті ұрып-соққан өзге балалар мен қауіпсіздікке салғырт қараған қызметкерлер де жазалануын талап етіп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қызылордадағы жатақханадан студент өлі табылғаны, күдікті ұсталғаны хабарланды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget