Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан жайтқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Желіде тойда тілек айтуға шыққан ер адамның видеосы қызу талқыланып жатыр. Видеодан ол музыканы сынға алып, шариғат талаптарына сай емес екенін айтқаны, әйелдер мен ерлер бірге отырмауы қажет екенін мәлімдегені естіледі.
"Музыка деген бәледен құтылуымыз керек. Шариғатқа түк те сай келмейді. Екіншісі, шариғатта "ұрғашылар" мен еркектер бірге отыруға болмайды", - дейді видеода ер адам.
ІІМ қылмыстық іс қозғады
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар жария мәлімдемесі анықталған.
"Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазақстанның Конституциясы әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқығы мен бостандығының теңдігін қамтамасыз етеді. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеуге, сондай-ақ, қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді", - деді ІІМ өкілдері.
ҚМДБ не дейді?
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да осы жайтқа қатысты мәлімдеме жасап, өз ұстанымдарын жариялады:
"Музыка - харам, ал әншілер - шайтанның азаншысы" деген мазмұнда тойда пікір білдірген адамның сөзі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам арасында түсінбеушілік туғызып жатыр. Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар, аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қате деп санаймыз. Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды. Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар".
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова