“Ұрғашылар“ мен еркектер бірге отыруға болмайды“. Ер адамның тойда айтқан сөзі қызу талқыға түсті

“Ұрғашылар“ мен еркектер бірге отыруға болмайды“. Ер адамның тойда айтқан сөзі қызу талқыға түсті
Фото: Видео кадры

Әлеуметтік желіде тойда тілек айтуға шыққан ер адамның видеосы қызу талқыланып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде талқыланып жатқан жайт

Видеодан ол музыканы сынға алып, шариғат талаптарына сай емес екенін айтқаны, әйелдер мен ерлер бірге отырмауы қажет екенін мәлімдегені естіледі.

"Музыка деген бәледен құтылуымыз керек. Шариғатқа түк те сай келмейді. Екіншісі, шариғатта "ұрғашылар" мен еркектер бірге отыруға болмайды", - дейді видеода ер адам.

ҚМДБ не дейді?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жайтқа қатысты мәлімдеме жасады.

"Музыка - харам, ал әншілер - шайтанның азаншысы" деген мазмұнда тойда пікір білдірген адамның сөзі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам арасында түсінбеушілік туғызып жатыр. Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар, аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қате деп санаймыз. Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды. Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар", - деп жазылған хабарламада.

Діни басқарма барша халықты өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеді.

"Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөзге жауапкершілік алуға ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз", - деді ҚМДБ өкілдері.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget