Судья Меруерт Абаева фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты істі қарауды жалғастырады. Адвокаттың қарсылығы қабылданбады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. Отырыс барысында айыпталушының адвокаты Асхат Әлімов судьяға қарсылық білдірді.
Бұған судьяның сот талқылауын кейінге қалдырудан және жаңа қорғаушыға іс материалдарын зерделеуге уақыт беруден бас тартуы себеп болды.
Астананың ауданаралық қылмыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Самат Сембаев процесс қатысушыларының пікірін тыңдап, өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Ол қаулыға шағымдануға болмайтынын айтты.
Cот отырысы
Айта кетейік, 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
Мән-жайы
Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.
23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші" құлаған.
Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова