Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс: адвокат судьяға қарсылық білдірді

Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс: адвокат судьяға қарсылық білдірді
Фото: Tengrinews.kz

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Айыпталушының қорғаушысы судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Отырыс басында айыпталушының адвокаты Асхат Әлімов өз міндетіне жаңадан кіріскен қорғаушы ретінде қылмыстық іс материалдарымен танысуға, дәлелдер базасын талдауға және қорғау позициясын айқындауға уақыты болмағанын мәлімдеді. Осыған байланысты қорғаушы процесті шегеруді сұрады.

Оның өтініші қанағаттандырылмады. Төрағалық етуші судья Меруерт Абаева адвокат іс материалдарымен сот отырыстары арасындағы уақытта таныса алатынын ескертті.

Бұған жауап ретінде адвокат судьяның іс-әрекетіне наразылық білдіріп, оны хаттамаға енгізуді талап етті.

"Бұл уәждермен келіспеймін. Қорғауымдағы азаматтың құқығы шектеліп отыр. Ол қылмыстық қудалау назарына оқиға болған сәттен бастап, яғни қараша-желтоқсаннан бері тартылған болса, түсінер едім. Іс-әрекеттің саралануы 20 шілдеде ғана таныстырылды", - деді ол.

Осыдан кейін адвокат судьяға қарсылық білдірді. Судья сот отырысына үзіліс жариялады. Қарсылықты Астана қаласының ауданаралық қылмыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Самат Сембаев қарайды.

Cот отырысы

Айта кетейік, 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.

Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.

Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.

Мән-жайы

Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.

23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші" құлаған.

Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget