Жапон-қазақ байланысының тамыры тым тереңде. Тіпті ХХ ғасыр басында алаш зиялылары да жапон оқығандарымен рухани байланыста болған. Осы байланысты бүгінде жаңғыртқандардың бірі - Айгүл есімді жапон қызы. Ол қазақ тіліндегі сөздердің мағынасын іздеп, Мисаки деген атына қазақ тіліндегі балама ретінде Айгүл деген есімді өзі таңдап алған. Бәрінен қызығы - жапон қызы жеті айда қазақ тілін үйренген. Мисаки туралы алғаш болып журналист Марфуға Шапиян әлеуметтік желідегі парақшасында айтқан еді. Massaget.kz тілшісі Қазақстанға деген махаббаты ерекше Мисакимен сұхбаттасты.
Алғаш келгендегі сезім...
Мисаки алғаш Қазақстанға келгенде қиын болғанын жасырмады. Алайда әлеуметтік желі арқылы достар тауып, олар жапон қызын құшақ жая қарсы алған екен. Сондықтан Айгүл қазақтардың қонақжайлығын ерекше бағалайды.
"Қазақтар өте мейірімді және қонақжай екен. Мысалы, 7 жыл бұрын алғаш рет Қазақстанға келдім. Сол кезде менің тек 1 қазақ досым болды. Оның аты - Гаухар. Біз Facebook-те таныстық, бірақ ешқашан кездеспегенбіз. Соған қарамастан, ол мен үшін қонақүйге тапсырыс беріп, әуежайға келіп, мені күтіп алды. Мені өзінің достармен таныстырып, 1 ай бойы күнде мені Алматының әртүрлі жерлеріне апарды. Сол кезде мен Қазақстан туралы ештеңе білмедім. Қазақша да, орысша да сөйлей алмадым. Бірақ оның арқасында көп адаммен, Қазақстанмен таныса алдым", - дейді ол.
Жапон қызы қазақ достарына жиі қонаққа барады. Ол қазақтың дәл осы себепсіз айқара құшағын ашатын дәстүрін ұнатады екен.
"Менің жақын досым Айжан және оның анасы Баян әрқашан мені қонаққа шақырады. Жаңа жыл болғанда оның үйіне қонаққа барып, бірге кино көріп, тамақ ішіп, отшашу аттық. Ал одан кейін көрішлердің үйлеріне қонаққа барып, жаңа жылға тілек тіледік. Оның арқасында шын қазақтар сияқты уақыт өткізе алдым. Сондай бір-бірін қонаққа жиі шақыру дәстүрі маған қызық және ұнады", - дейді Мисаки.
Қазақтың ұлттық тағамдары ішінен Айгүлге ет ерекше ұнапты.
Мисакидің сөзінше, Алматы мен Астана қалаларында болған. Қос қаланың ішінен Алматы қаттырақ ұнаған, оның өзіндік себебі де бар.
"Мен екі қалада ғана болдым. Алматы және Астана. Маған Астанадан Алматы ұнады. Табиғаты әдемі және ауа райы да салыстырмалы түрде ыңғайлы", - дейді жапон қызы.
Қазақ тілін қалай үйренген?
Бәрін қызықтыратыны - қалай аз уақытта өзге тілді үйренді деген сауал. Мисаки қазақ тілінің заңдылығы, грамматикасы аса қиын емес екенін жеткізді.
"Негізі грамматикасы онша қиын емес. Бірақ сөздердің мағынасын нақты түсіну кейде қиын. Себебі жапон тіліндегі қазақ тілі сөздігі жоқ. Ылғи жаңа сөз болғанда, мұғалімім бізге түсіндіреді, бірақ кейде қате түсіндім. Мысалы "шам" деген сөздің мағынасы ұзақ уақыт "төбе" деп есіме алдым", - дейді Айгүл.
Қазір Мисаки әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру факультеті Шетелдіктердің тілдік және білім беру дайындығы кафедрасында оқып жатыр. Ол тіл үйренуде университеттегі мұғалімдердің ықпалы зор болғанын айтты.
"Мұғаліміміз өте күшті. Оның бізге қазақ тілін жақсы сөйлетемін деген ынтасы бар. Сондықтан тек мен емес, басқа студенттер де қазақша жақсы сөйлейді", - дейді Мисаки.
Жапон қызы тек қазақ тілі емес, қосымша бірнеше тілді меңгерген екен.
"Қазақ тілінен басқа, ағылшын тілі, қорей тілін үйренгенмін, бірақ қазақ ілін үйрене бастаған соң басқа тілдердің барлығын ұмытып қалдым", - дейді ол бұл туралы.
"Қобыз үйреніп жүрмін". Жапон қызына қазақтар неге таңғалады?
Мисаки тек тіл үйренумен шектелмепті. Ол қазақтың ұлттық аспаптарын да үйреніп жүр.
"Қазір мен университетінде қазақ тілін үйренумен қатар, қобызды үйреніп жүрмін", - дейді ол.
Айгүл қазақтар не үшін таңғалатынын да жасырмай айтып берді.
"Иә, бірінші көргендер үнемі орысша сөйлейді, ал мен түсіне алмай отырсам, ағылшынша сөйлейді. Ал соны түсініп, мен қазақша жауап бергенде, "сіз қазақша түсінесіз бе" деп таңғалып қалды", - дейді ол.
Өзі ұлттық аспапқа қызығып жүрген Мисаки қазақ музыкасын да тыңдайды екен.
"Қазақ музыкасы тыңдауды ұнатамын. Димаш, Ninety One сияқты әлемде әйгілі әншілерді, әрине, жақсы көремін, ал Айқын Төлепберген, Зируза Тасмағамбетова, Ғазизхан Шекербековті де ұнатамын. Құрмаш Маханның "Аяулым" әнін күнде тыңдап жүрмін", - дейді ол.
"Қазақстанды сағындым"
Мисакидің әлеуметтік желідегі жазбаларынан Қазақстанға деген махаббаты ерекше екенін байқауға болады. Әсіресе, Алматының көркем табиғатының суретін бірнеше рет жариялаған. Ал 3 жыл бұрынғы жазбасында Қазақстанды сағынғанын жазыпты.
"Қазақстанды сондай сағындым", - деген ол.
Сурет: Мисакидің әлеуметтік желідегі парақшасынан
"Қазақстанды әлемге таныстыру". Жапон қызының арманы қандай?
Мисакидің арманы өте көп. Оның ішінде Қазақстанға қатысты да жоспарлары жетерлік. Соның ішінде қазақ және жапон тілдері арасындағы байланысты нығайту қаршадай қыздың болашақтағы арманының қатарына кіріпті.
"Менің арманым - Қазақстанды әлемге таныстыру. Сол үшін болашақта интернетте көп мақала және видео шығармақпын. Екіншіден, Қазақстанда жасалған сапалы заттарды Жапонияға апарып сатуды жоспарлап отырмын. Үшіншіден, қазақ және жапон тілдері сөйлемдерінің дерекқорын жасағым келеді. Ал төртіншіден, Жапонияда қазақ мәдениетін таныстыратын іс-шаралар ұйымдастырсам деймін", - деді ол.
"Айгүл деп атын өзгерткен". Жапон қызы жеті айда қазақ тілін үйреніп алған
Еске салайық, бұған дейін бес тіл меңгерген қарағандылық қазақ тілінде әлі сөйлей алмайтынын айтқаны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!