Тұрлыхановтың ұлына қатысты тағы дау шықты

Заңгер Анна Чернова әлеуметтік желіде Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат сот үкімін орындамай жүргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, Нұрасыл Болат тиісті міндеттерді елемей жүр.

"Таң атпастан видео келді. Видеодағы депутат Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың бас бостандығы шектелген және оған міндеттер жүктелген, бірақ видеодан оны сақтамай жүргені көрінеді. Видео шамамен таңғы 3-те салынған, 23.00-де ол үйде болуы керек. Сонымен қатар, оның тіркелген жері, пробация да Астана қаласында, ал видео түнде Алматы қаласында түсірілгені айтылды. Қаншама заңбұзушылық?! ҚАЖК-ға біраз сауалым бар", - деді ол. 

Сондай-ақ, заңгер жауапты органдардан осы жайтқа қатысты тергеу жүргізуді, депутаттың ұлына тиісті шара қолдануды сұрады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда әскери қызметкер белгілі адвокатты соққыға жыққаны хабарланған болатын. Бұл оқиға 11 ақпанға қараған түні Алматының сауда орталықтарының бірінің маңындағы паркингте болған. Іс қоғамдық дау тудырды. Бұл оқиға туралы заңгер Анна Чернова жазды. 

Алматы ПД бұл дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

Ал кейін адвокатты соққыға жыққан әскери қызметкер грек-рим күресінен қазақстандық және бұрынғы Кеңес Одағының палуаны Дәулет Тұрлыхановтың ұлы болып шықты. Бұл ақпаратты Тұрлыхановтың өзі растаған болатын. Ол ұлына қатысты дауға көзқарасын білдіріп, кешірім сұрады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!